Қысқы Олимпиада ойындарының бағдарламасына өзгерістер енгізілді
Халықаралық Олимпиада комитетінің Атқарушы кеңесі 2030 жылы Францияның Альпі тауларында өтетін Қысқы Олимпиада ойындарының жарыс бағдарламасын бекітті.
Жаңартылған бағдарламаға фрирайд шаңғысы мен сноуборд, сондай-ақ синхронды мәнерлеп сырғанау енгізілген. Ал скандинавиялық қоссайыс жарыстары Олимпиада бағдарламасынан алынып тасталды.
ХОК мәліметінше, мұндай шешім спорт түрлерінің танымалдығы, көрермендер саны, бұқаралық ақпарат құралдарындағы қамтылуы және олардың әлем бойынша таралу деңгейі сияқты өлшемдер негізінде қабылданған.
ХОК Атқарушы кеңесі жалпы үш жаңа спорттық бағыт пен 16 жаңа медальдар жиынтығы бойынша жарыстарды Олимпиада бағдарламасына енгізуді мақұлдады.
Өзгерістер биатлон, конькимен жүгіру, шаңғы спорты, сноуборд және шаңғы альпинизмі бойынша жарыстарға қатысты.