Қыш-құмыра жасау өнері – адамзат өркениетімен бірге астасып келе жатқан көне кәсіптің бірі. Оның тарихы ғасырлар қойнауынан бастау алып, уақыт өткен сайын жетіліп, жасалу технологиясы күрделене түсті. Бүгінде Өзбекстан аумағында саз-балшықтан түрлі тұрмыстық және сәндік бұйымдар жасап, қыш құю ісін жалғастырып жүрген шеберлер аз емес. Олар ата-бабадан қалған өнерді жаңғыртып, ұлттық қолөнердің өміршеңдігін сақтап келеді.
Қашқадария облысының Шахрисабз ауданы ежелден қолөнер дамыған өңірлердің бірі ретінде танылған. Бұл өлкеде қыш жасау, ағаш пен тасқа нақыш салу, кесте тігу секілді ұлттық өнер түрлері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, уақыт сынынан сүрінбей өтіп келеді. Әсіресе қыш-құмыра жасау өнері өңір қолөнерінің айрықша белгісіне айналған.
Осындай көне дәстүрді жалғастырып жүрген жас шеберлердің бірі – Жавлон Ғаниев. Ол қыш өнерін тек кәсіп емес, әулеттен мирас болып келе жатқан қасиетті мұра деп біледі.
Жавлонның атасы өз заманында елге танылған шебер құмырашылардың бірі болған. Бүгінде сол дәстүрді оның әкесі Асад Аллаев жалғастырып келеді. Бала күнінен әкесінің шеберханасында жүріп, саздың сырын ұғып, балшықтың мінезін танып өскен Жавлон үшін қыш-құмыра жасау – жай ғана қолөнер емес, жан дүниені бейнелейтін шығармашылық әлем.
[gallery-28095]
Қолына иленген саз түскен сайын ол қарапайым балшықтан көз тартар бұйым жасап, көнеден жеткен өнерге жаңа тыныс беруге тырысады. Оның қолынан шыққан құмыралар мен сәндік бұйымдар ұлттық нақышымен, нәзік өрнегімен ерекшеленеді.
Екі жыл бұрын жас шебер әкесімен бірге Абзият махалласында қыш өнері орталығын ашты. Бұл орын тек шеберхана ғана емес, жас ұрпаққа дәстүрлі қолөнерді үйрететін шағын өнер ордасына айналып келеді.
Жавлон Ғаниев өз туындыларымен ел ішінде ұйымдастырылатын түрлі көрмелер мен байқауларға қатысып, бірнеше мәрте жүлделі орындарды иеленген. Оның жұмыстары ұлттық дәстүр мен заманауи шеберліктің үйлесімін айқын көрсетеді.
Алдағы уақытта жас құмырашы өз шеберханасының жұмысын кеңейтіп, туындыларын елдің түрлі өңірлеріндегі туристік орталықтарға жеткізуді жоспарлап отыр. Өйткені қыштан жасалған әрбір бұйым – тек тұрмыстық зат қана емес, халқымыздың тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін өнер туындысы.
суреттерді түсірген Ж.Норқобилов, ӨзА