Қазақстанның жаңадан тағайындалған елшісі Ташкентке келді
Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов Қазақстанның жаңадан тағайындалған елшісі Ералы Тоғжановты қабылдады.
«Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы жаңадан тағайындалған Төтенше және Өкілетті Елшісі Ералы Тоғжанов мырзадан сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдап алдық. Бауырлас Қазақстанмен қол жеткізілген стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың жоғары деңгейін ерекше бағалаймыз. Мемлекеттеріміз басшылары арасындағы сенімді диалог пен берік саяси еріктің арқасында бүгінде Өзбекстан–Қазақстан қарым-қатынастары барлық бағытта қарқынды дамып келеді.
Кездесу барысында өзара сауда көлемін ұлғайту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, өңіраралық байланыстарды нығайту, сондай-ақ көлік және логистика салаларындағы бірлескен жобаларды жеделдету мәселелерін талқыладық.
Елші мырзаға Өзбекстандағы жауапты әрі мәртебелі қызметіне табыс тілейміз», – деп жазды Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің басшысы өзінің Telegram-арнасында.
Еске сала кетейік, Қазақстан Президентінің жарлығымен Өзбекстандағы елші болып тағайындалған Ералы Тоғжанов бұл қызметте 2022 жылдан бері Ташкенттегі елшілікке жетекшілік еткен Бейбіт Атамқұловтың орнына келді.