Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жүзеге асыру қорытындысы шығарылды.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Хабарда айтылуынша, үкімет негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу туралы есеп берген және бірқатар салалық мемлекеттік орган жетекшілері басты бағыттар бойынша баяндама жасаған.
«Мемлекет басшысы геосаяси ахуалды ескере отырып, қоғамдық, экономикалық, экологиялық, су және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін пысықтау қажеттігіне назар аударды», делінген хабарламада.
Сонымен қатар, отырыста Қазақстан Республикасының 2026-2030 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясының жобасы қаралған.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңа Конституцияны қабылдау арқылы мемлекет дамуындағы жаңа кезеңге қадам басып, Қазақстанның Тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын сенімді түрде қорғауға мүмкіндік туды.
Қазақстан басшысы ұлттық мүддені қорғау міндеттерін сапалы орындаудың маңызына баса мән берген. Оның қатарына, атап айтқанда, қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету; азаматтарды, қоршаған ортаны және ақпараттық кеңістікті қорғау деңгейін арттыру; киберқауіпсіздік шараларын күшейту және әлеуметтік-экономикалық саладағы тәуекелдерді азайту мәселелері кіреді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев экономика, білім мен технология салаларында сұранысқа ие білікті шетелдік мамандарды тартуға қолайлы жағдай жасайтын бағдарламаны жеделдетіп әзірлеуді тапсырған.