Қашқадарияда картоп өсіру бойынша ірі жоба іске асырылуда
Қашқадария облысының Нишон ауданында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, заманауи агротехнологияларды енгізуге және сапалы тұқымдық картоп өсіруге бағытталған ірі жобаның кезекті кезеңі басталды. Бұл туралы Қашқадария облысы әкімдігінің ақпараттық қызметі хабарлады.
Облыс әкімі Мұратжан Әзімов, жауапты басшылар мен еңбек ардагерлерінің қатысуымен ауданның Түрікменстанмен шекаралас аумағындағы 400 гектар жерге Голландиядан әкелінген жоғары сапалы, элиталық картоп тұқымын егу жұмыстарына бастау берілді.
Шарада атап өтілгендей, бұл бастама елдегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуда, ішкі нарықты сапалы картоп өнімдерімен және тұқыммен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Жоба аясында заманауи технологияларды тиімді пайдалану арқылы өнімділікті арттыру және ауыл шаруашылығындағы өндіріс тиімділігін жоғарылату көзделген.

Сол күні жобаны жүзеге асыруға белсенді қатысқан бір топ сала қызметкерін облыс әкімдігі марапаттады. Оларға алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Аумақтағы жұмыстарды ұйымдастыру барысы да пысықталды. Атап айтқанда, Аустрияның "BAUER" компаниясы шығарған заманауи айналмалы жаңбырлатып суару жүйесінің алтауы іске қосылған. Жоба соңына дейін мұндай жүйелердің санын 16-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ суды сорғылар арқылы жеткізу үшін қажетті құбырлар тартылып, сыйымдылығы 50 мың текше метр болатын су қоймасы салынды. Жер учаскелерін егіске дайындау және электрмен жабдықтау жұмыстары да жүзеге асырылуда.
Қазіргі уақытта өңірде 2 600 гектар жер игерілген. Картоп өсіру жобасының жалпы құны 30 миллиард сомды құрайды. Оның нәтижесінде 10 мың тонна тұқымдық картоп қорын жасақтау көзделген.

Жоба аясында тоңазытқыш қоймаларын салу, мал фермасын құру сияқты бағыттардағы жұмыстар да кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Ең бастысы, бастама нәтижесінде 500 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, бұл өңір тұрғындарының жұмыспен қамтылуы мен табысын арттыруға да септігін тигізеді.
Мамандардың айтуынша, заманауи суару технологияларын, сапалы тұқымды және озық агротехникалық тәсілдерді үйлестіру осы аймақта картоп өсіру тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Анықтама ретінде: 2022 жылы облыстың Шахрисабз ауданындағы Гелан, Көл, Саршашма, Саят және Хисорак махаллаларында жұмыссыз халықты жұмыспен қамту мақсатында шалғай таулы аймақтағы Тамшуш өзенінен шамамен 13 шақырым қашықтыққа су тартылып, 3 мың гектардан астам тәлімі жер игеріліп, картоп өсіру жолға қойылған еді.
Өлмес Баротов,
ӨзА тілшісі