Қарақалпақстанда құны 7,6 миллиард доллар болатын жобалар іске қосылды
Президент Шавкат Мирзиёев Қарақалпақстан Республикасына сапары аясында жаңа жобаларды іске қосу және олардың құрылысын бастау рәсіміне қатысты.
Кейінгі жылдары өңірде кәсіпкерлік пен инвестиция үшін жасалып жатқан қолайлы жағдайлар экономика салаларын дамытуға, жаңа өндірістік қуаттарды құруға және халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп келеді.
Атап айтқанда, 2016 жылы Қарақалпақстанның жалпы өңірлік өнімі 8,5 триллион сумды құраса, биылғы жылдың басында бұл көрсеткіш 54 триллион сумнан асты. Өнім өндірудегі жеке сектордың үлесі 66 пайызға жетті. Белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2,5 есеге артып, 26,5 мыңға жетті.

Соңғы тоғыз жылда жоғары табысты жұмыс орындарын ашу үшін Қарақалпақстанға 5 миллиард доллардан астам инвестиция салынды. Биылғы жылдың соңына дейін шетелдік инвестициялар көлемі 2,5 миллиард долларға жетеді деп күтілуде. Өңірде жұмыс істеп тұрған шетелдік және бірлескен кәсіпорындар саны 2018 жылмен салыстырғанда 2,2 есеге артып, 271-ге жетті.
Рәсім аясында жалпы құны 592 миллион доллар болатын 11 жоба іске қосылып, шетелдік серіктестер қатысатын жалпы құны 7 миллиард доллар болатын 47 жаңа жобаның құрылысы басталды. Олардың есебінен 8 мың жоғары табысты жұмыс орны ашылады.
Атап айтқанда, «Қараөзек» ауданында жалпы қуаты 300 мегаватт болатын екі жел электр станциясы және қуаты 100 мегаватт электр энергиясын сақтау жүйесі іске қосылды.

Іске қосылған нысандардың қатарында Нөкіс қаласында Біріккен Араб Әмірліктерімен бірлесіп салынған Шейх Халифа атындағы аурухана бар. Құны 27 миллион доллар болатын 100 орындық медициналық мекеме заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда 80 жұмыс орны ашылды.
Қарақалпақстан ғылыми-практикалық медицина академиясы да өңірдегі медициналық қызмет сапасын арттыруға және мамандардың біліктілігін жетілдіруге ықпал етеді.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында «Тақияташ» ауданында «Linkwise» кәсіпорнының құны 150 миллион доллар болатын модульдік интеллектуалды есептеу орталығының алғашқы кезеңі іске қосылды.

Нөкіс қаласында қоғамдық көлікті жақсартуға бағытталған «SAPSAN TRANS NO‘KIS» кәсіпорнының құны 20 миллион доллар болатын жобасы да жұмысын бастады. 25 автобус пен электробус әкелінді, жыл соңына дейін тағы 75 электробус жеткізіледі. Жоба аясында 200 жұмыс орнын ашу көзделген.
Құрылысы басталып жатқан жобалар энергетика, цифрлық экономика, өнеркәсіп, көлік, медицина және қызмет көрсету салаларын қамтиды.
«Қоңырат» ауданында Сауд Арабиясының «ACWA» компаниясымен бірлесіп құны 2,6 миллиард доллар болатын қуаты 1,5 гигаватт ірі жел электр станциясын салу және оны бірыңғай энергетикалық жүйеге қосу жұмыстары белсенді кезеңге өтуде. Жоба аясында ұзындығы 1,5 мың шақырым жоғары кернеулі магистральдық электр желісі тартылады, 500 киловольттық үш қосалқы станция салынып, тағы екеуі жаңғыртылады.

«Шымбай» ауданында кореялық инвесторлармен бірлесіп, республикада алғаш рет мия тамырын өңдеу арқылы жылына 3 миллион текше метр биогаз өндіру жобасы басталды.
Көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында Азия даму банкімен бірлесіп, А-380 «Ғұзар – Бұхара – Нөкіс – Бейнеу» автомобиль жолының 92 шақырымдық бөлігінде құрылыс жұмыстары басталды. Жобаның құны 233 миллион долларды құрайды. Нөкіс қаласының қоғамдық көлігі үшін Еуропа қайта құру және даму банкімен бірлесіп, 112 электробус сатып алып, депо салу жобасы да жүзеге асырылады.
Қытайлық серіктестермен «Қоңырат» және «Тақияташ» аудандарында жалпы құны 2 миллиард 281 миллион доллар болатын цифрлық валюта өндіру және жасанды интеллект деректер орталықтарын құру жобалары жүзеге асырылуда. «Тақтакөпір» ауданында да деректер орталығы салынады. Нөкіс қаласында қалдықтарды термиялық өңдеу арқылы электр энергиясын өндіру жобасы басталды.

«Қараөзек» ауданындағы «Зеңгібаба» кен орнында алтын өндіретін, құны 20 миллион доллар болатын кәсіпорын салынады. Ал «Әмудария» ауданында құны 15 миллион доллар болатын заманауи ірі сауда орталығы құрылады.
Әлеуметтік салада үндістандық серіктестермен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде медицина ғылымдары университеті мен жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін аурухана құрылуда.
Түркиялық серіктестердің қатысуымен Нөкіс қаласындағы «Достық» арнасының бойында Ташкенттегі «Сеул Мун» үлгісінде құны 103 миллион доллар болатын демалыс, ойын-сауық және сауда орталығы салынады.
Рәсім барысында шетелдік серіктестер жобаларды жүзеге асыру және іске қосу мерзімдері туралы ақпарат берді. Облыс әкімдері өздеріне бекітілген аудандарда жаңа жұмыс орындарын ашуға және кедей отбасылардың табысын арттыруға бағытталған жобаларын таныстырды.

Мемлекет басшысы ақсақалдарды, ғалымдар мен қалың жұртшылық өкілдерін әр жобаның орындалуына қоғамдық бақылау орнатуға шақырды. Мұндай тәсіл отбасылардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге, жастардың болашағына және Арал өңірінің берік экономикалық негізін қалыптастыруға қызмет ететіні атап өтілді.
Мемлекет басшысы жобаларды жүзеге асыруға қатысып жатқан шетелдік серіктестер мен кәсіпкерлерге алғыс білдірді.
Рәміздік түйме басылып, жаңа нысандар іске қосылды және құрылыс жұмыстарына бастау берілді. Инвесторлар және өңір белсенділерімен еркін пікір алмасу өтті.
Сол жерде Нөкіс қаласында жас отбасылар үшін салынатын «Жаңа Өзбекстан» тұрғын үй алабының жобасы да таныстырылды. Аталған алапқа 270 гектар жер бөлініп, жобалық құжаттарды әзірлеу басталды. Мұнда 30 мың тұрғынға арналған көпқабатты тұрғын үйлер, ірі бизнес орталықтары, сауда, қызмет көрсету және ойын-сауық нысандары салынады.