Қарақалпақстан экономикасы ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды
Президент Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен 19 қыркүйек күні Нөкіс қаласында Қарақалпақстанды әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелеріне арналған жиын өтті.
Кейінгі жылдары өңірді дамыту үшін қомақты қаржы бөлініп, ерекше жеңілдіктер мен жағдайлар жасалды. Пайда, жер және мүлік салығы 2 есеге, өнеркәсіп кәсіпорындары үшін электр энергиясының тарифі 15 пайызға төмендетіліп, әлеуметтік салық 1 пайыз мөлшерінде белгіленді. Өткен жылы 1 миллиард 700 миллион доллар инвестиция тартылды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 22 есеге көп. Биылғы жылдың бірінші жартысында экономика 10,2 пайызға өсіп, Қарақалпақстан Ташкент қаласынан кейінгі екінші орынға шықты.

Бұл өзгерістерде тұрақты энергиямен қамтамасыз ету маңызды рөл атқарып отыр. Соңғы жылдары қуаты 860 мегаватт болатын жаңа нысандар іске қосылды. «Беруний» және «Қараөзек» аудандарында жел электр станциялары құрылғандығының нәтижесінде «жасыл» энергияның үлесі 23 пайызға жетті. Электр энергиясын өндіру көлемі 4 есеге артып, 5 миллиард 330 миллион киловатт-сағатты құрады. Бұл халық пен кәсіпорындардың жылдық қажеттілігінен шамамен 3 есе көп.
Сапар барысында жалпы құны 7 миллиард доллар болатын 47 жобаның құрылысы басталды. Атап айтқанда, «Қоңыратта» құны 2 миллиард 600 миллион доллар, қуаты 1,5 мың мегаватт болатын жел электр станциясы салынады. Жоба аясында ұзындығы 1,5 мың шақырым жоғары кернеулі желі және кернеуі 500 киловольт болатын 3 қосалқы станция салынады. 2030 жылға дейін жалпы қуаты 3 мың 300 мегаватт болатын жел электр станцияларын іске қосу, «жасыл» энергияның үлесін 76 пайызға жеткізу және қуаты 400 мегаватт болатын энергия сақтау жүйесін құру жоспарланған.

Көлік және әлеуметтік инфрақұрылым саласында да ірі жобалар жүзеге асырылуда. «Бозатауда» санаторий, «Нөкісте» онкология және радиология орталығы, «Қоңыратта» балалар ауруханасы мен перзентхана, «Әмудария» және «Төрткүл» аудандарында амфитеатрлар, Нөкіс қаласында гимнастика орталығы мен Консерватория филиалы пайдалануға берілді.
А-380 магистраль жолының «Қоңырат» арқылы өтетін 240 шақырымы 384 миллион доллар қаржыға бетон жабындыға ауыстырылды. Жолдың «Төрткүл», «Элликқала» және «Беруний» аудандары арқылы өтетін тағы 92 шақырымында құны 233 миллион доллар болатын құрылыс жұмыстары басталды. Нәтижесінде транзит көлемі 1,5 есеге артып, жүк көліктері «Төрткүлден» Қазақстан шекарасына дейін бұрынғы бір тәуліктің орнына 10 сағатта жететін болады. Келесі жылдың наурыз айынан бастап Ташкент – Нөкіс бағытында жүрдек пойыз қатынасы жолға қойылып, сапар уақыты 16 сағаттан 7 сағатқа дейін қысқарады.

«Туямуйин» су тазарту нысанын қайта жаңғырту және Қоңыраттан Мойнаққа дейін 100 шақырымдық ауыз су желісін тарту жұмыстары басталады.
Жиында қолда бар жер, минералдық және энергетикалық ресурстарды қосылған құны жоғары өнімге айналдыру мәселесіне ерекше назар аударылды. «Ресурстан дайын өнімге дейін» қағидаты негізінде жаңа өнеркәсіптік және инвестициялық карта жасалады. «Қоңырат – Қараөзек – Тахиаташ» бағыты «жасыл өнеркәсіп дәлізі» – «интеллектуалды экономика үштағанына» айналады.
Жасанды интеллект пен деректер орталықтарын орналастыру үшін құрылған арнайы аймақта құны 8 миллиард доллар болатын 6 жоба жүзеге асырылады. Бес жылдық бағдарлама әзірлеп, инвесторлар үшін қуаты 1 гигаватт болатын тұрақты электрмен жабдықтау жүйесін жолға қою тапсырылды. Үш жыл ішінде Нөкіс қаласы, «Қоңырат», «Қараөзек» және «Тахиаташта» жоғары жалақы төленетін 1,5 мың жұмыс орнын ашу, бұлтты технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы жылдық экспорт көлемін 600 миллион долларға жеткізу көзделіп отыр.
«Жасыл» энергияны «көміртек кредитіне» айналдыру арқылы жылына 50-100 миллион доллар табыс табуға мүмкіндік бар екені атап өтілді. Бір ай ішінде осы тетікті іске қосып, ірі импорттаушы мемлекеттермен келіссөздер жүргізу міндеті қойылды. Экспорттан түсетін қаражат инфрақұрылымға бөлінетін ресурстарға қосымша болып, Қарақалпақстанның өзінде қалады. Жыл соңына дейін Аралдың 50 мың гектар аумағында «орман көміртек кредиті» бағдарламасы басталады.

Өңір аумағының небәрі 20 пайызында геологиялық зерттеу жүргізілгені, инвесторлар үшін шикізат қорлары туралы ақпараттың жеткіліксіз екені атап өтілді. Бір ай ішінде 1 мың жұмыс орны құрылатын алтын өндіру және өңдеу кластерін ұйымдастыру, кешенді геологиялық барлау бағдарламасын әзірлеп, кен орындарының қорын қайта бағалау тапсырылды.
Аудандарға қарай тоқыма және былғары өнеркәсібінде кемінде 150 миллион долларлық, электр техникасы саласында 200 миллион долларлық, энергия үнемдейтін құрылыс материалдарын өндіруде 100 миллион долларлық, автомобиль қосалқы бөлшектерін шығаруда 120 миллион долларлық және фармацевтикада 50 миллион долларлық жобалар жүзеге асырылады. Италияның «Bonifika Ferrarizi» компаниясымен «Тақтакөпірде» құны 50 миллион доллар болатын жоба басталады. Оның аясында 2 мың гектар жерге қызанақ пен дәнді дақылдар егіліп, өнім терең өңделіп, Еуропаға экспортталады.
Әрбір аудан бойынша инвестициялық таныстырылымдар өткізіп, облыс әкімдерінің қатысуымен 2-3 мың жоғары табысты жұмыс орны ашылатын жобаларды іске қосу тапсырылды. Келесі жылы Қарақалпақстанға 5 миллиард доллар инвестиция тарту міндеті жүктелді.

Халықты жұмыспен қамту және табысын арттыру үшін кәсіпкерлікті қаржылай қолдау мүмкіндіктері кеңейтіледі.
Банктердің сенімді клиенттері үшін 16 пайыздық мөлшерлемемен 300 миллиард сум көлемінде кредит желісі ашылады. Кәсіпкерлікті дамыту компаниясы оның 4 пайызын өтейтіндіктен, кәсіпкер үшін кредит мөлшерлемесі 12 пайызға дейін төмендейді.
Отбасылық кәсіпкерлікке берілетін кредиттердің мөлшерлемесі 17,5 пайыздан 12 пайызға дейін төмендетіледі. Келесі жылы қаржы көлемі 2 есеге ұлғайтылып, экономиканың негізгі қозғаушы жобаларына 100 миллион доллар бағытталады. Соның есебінен кемінде 50 мың адамның тұрақты табыс табуына жағдай жасау көзделді.
Аудандарда экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуға серпін беретін тағы екі жобадан іске асыруға 100 миллиард сум бөлініп, 10 мың адамға табыс көзі жасалады.

Ауыл шаруашылығындағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, ең алдымен, су ысырабын азайтуға байланысты екені атап өтілді. Өңірдегі 417 мың гектар жерді суаруға 5 миллиард 700 миллион текше метр су жұмсалады. Оның 38 пайызы, яғни 2 миллиард 100 миллион текше метрі ысырап болып отыр.
Төрткүлдегі «Ёнбош» және Бозатаудағы «Еркіндария» каналдарын бетондау, су нысандары мен артезиан ұңғымаларын салуға 135 миллиард сум бөлінеді. Екі каналды 1 наурызға дейін бетондау, келесі жылы 17 мың гектар жерге мал азығына арналған дақылдар егіп, 2 мың адамды табыспен қамту тапсырылды. Су нысандарын жаңғыртуға тартылатын грант көлемі 100 миллион долларға жеткізіледі. 1 сәуірге дейін Қарақалпақстандағы 59, ал басқа облыстардағы 200 су сорғысы жаңартылады.
Мал шаруашылығының жем-шөп базасын нығайту үшін пайдаланылмай жатқан жайылымдар мен жерлер игеріледі. «Қоңырат», «Беруний» және «Шымбай» аудандарында 2 мың гектар жер қалпына келтіріліп жатыр, келесі жылы тағы 5 мың гектар жер игеріледі. «Бозатауда» 7,5 мың гектар жерді мал азығын өндіруге бейімдеуге 100 миллиард сум бөлінеді. Мал азығын өсіруге әрбір гектар үшін 500 мың сум субсидия беріледі.

Ірі мал шаруашылығы кешендеріне берілетін кредит көлемін 50 миллиард сумға дейін ұлғайту туралы ұсыныс қолдау тапты. Ұшақпен жеткізілетін асыл тұқымды бұқалардың құнының 10 пайызы, әрбіреуінің басына 4 миллион сумға дейін субсидияланады. Бір ай ішінде кемінде 100 мың бас малға арналған кешендердің жобаларын әзірлеу тапсырылды.
«Тақтакөпірде» Шыңжаң тәжірибесі негізінде мал азығын өндіру ұйымдастырылып, шетелден 5 мың бас қой-ешкі әкелінеді. Жыл соңына дейін 10-15 мың гектар жердегі жобаларды қалыптастырып, жылына 100 мың бас қой-ешкі өсіруді жолға қою белгіленді. «Кегейлі асыл тұқымды құс» кәсіпорнының қуатын 2-3 есеге арттырып, холдингке айналдыру, техникумда құс шаруашылығы бойынша курстар ашу тапсырылды.
Бағбаншылық саласында 30 мың гектар алқапта тұзға төзімді қара өрік пен кешеуілдеп пісетін өрік плантацияларын құруға бағытталған үш жылдық бағдарлама жүзеге асырылады. Оның 10 мың гектарындағы жұмыстар биыл басталады. Облыстарға жер бөлініп, кепілді су жеткізу жүйесі жасалады, климатқа бейімделген көшеттер мен технологиялар жеткізіледі. Тәжірибелі диқаншылар мен агрономдар тартылып, өнімді өңдеу қуаттары құрылады. Нәтижесінде 20 мың адамды жұмыспен қамтып, үш жыл ішінде жеміс экспортын кемінде 500 миллион долларға жеткізу жоспарланған.

Келесі көктемнен бастап «Нөкіс» ауданындағы 10 мың гектар алқапта қауын өсіру басталады. Испания, АҚШ, Нидерланд және Қытайдан үздік сорттар әкелініп, мамандар шақыртылып, өнімді өңдеу және экспортпен айналысатын холдинг құрылады. Аудандағы техникум зертхана және тәжірибе алаңымен жабдықталып, қауын өсіру бойынша тәжірибе алмасу әдістемелік орталығына айналады.
Жиында халыққа қолайлы қала және махалла ортасын қалыптастыру мәселелері де қаралды. Нөкістің «Ащыкөл» аумағында 50 мың тұрғынға арналған «Нөкіс сити» құрылысы басталды. 270 гектар аумақта энергия үнемдейтін ғимараттар, бизнес, сауда және қызмет көрсету орталықтары, жасыл желекті саябақтар салынады.
Нөкістегі «Нұр» және «Элобод» махаллалары «Қичқириқ» махалласының үлгісі бойынша абаттандырылады. Кегейліде ұзындығы 3,5 шақырым арықты жабу, 100 қызмет көрсету нысаны мен 320 жұмыс орнын құру жұмыстары басталды. Облыс әкімдеріне Наурыз мерекесіне дейін өздеріне бекітілген аудандарда осындай жобаларды бір махалла мен орталық көшеде жүзеге асыру тапсырылды.

Жастарды заманауи кәсіптерге бағыттауға ерекше көңіл бөлінді. Бір жыл ішінде 1 мың, ал алдағы екі жылда тағы 5 мың жасты ақпараттық технологиялар мен логистика салаларында жоғары табысты жұмыспен қамту белгіленді. Шалғай елді мекендердегі жастарға ақпараттық технологияларды үйрету үшін кемінде 10 дарынды отандасты тартып, жобалар бастау тапсырылды.
Нөкіс қаласындағы №1 техникумда «Pearson BTEC» халықаралық бағдарламасы енгізіліп, түлектерге 70 мемлекет мойындайтын кәсіби сертификат беріледі. Мұнда 37 түрлі шағын құрал-жабдық өндіріліп, жастарға құрал-жабдық жасау ісін үйрету жолға қойылған. Жаңа жылдан бастап «Әмудария», «Беруний», «Шымбай» және «Қоңыраттағы» бір-бір техникумда осы тәжірибе енгізіледі. 1 қазаннан бастап құрал-жабдық алуға берілетін ссуда көлемі 20 миллионнан 50 миллион сумға дейін ұлғайтылады, ал «ұста-шәкірт» қағидаты бойынша кәсіп үйренуге жұмсалатын шығындарды өтеудегі жас шегі 30 жастан 40 жасқа дейін көтеріледі.
Мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 84 пайызға жеткенімен, жеті ауданда бұл көрсеткіштің төмен екені атап өтілді. Қарақалпақстанда жекеменшік балабақша ашатын кәсіпкерлерге 15 жыл мерзімге, 5 жылдық жеңілдік кезеңімен 7 пайыздық кредит беріледі.
Медицинада жоғары технологиялық қызметтер ауқымы кеңейіп келеді. Нөкісте бауыр мен бүйрек трансплантациясы жасалып, Арал маңы балалар ауруханасында медициналық көмектің 150 түрі жоғары технологиялық деңгейде көрсетілуде.
Биыл күрделі бағыттар бойынша 1,5 мың операция жасалды. Медициналық сақтандыру жүйесі енгізіліп, медициналық мекемелерге 10 миллион долларлық құрал-жабдық жеткізілді.
Нөкіс медицина ғылыми академиясы, Балалар клиникасы, Онкология орталығы және жаңа көпбейінді аурухана біріктіріліп, Университеттің медициналық кластері құрылады. «Мойнаққа» барып жұмыс істейтін дәрігерлерге берілетін жалақыға 200 пайызға дейінгі үстемеақы 1 қаңтардан бастап «Бозатау» мен «Тақтакөпірде» де енгізіледі.
Мемлекет басшысы әрбір қала мен ауылда қолайлы өмір сүру жағдайын қалыптастыруда көше және махалла белсенділерінің, ақсақалдардың тәжірибесін, жастардың жігерін және тұрғындардың бастамашылдығын біріктіру маңызды екенін атап өтті. Басшылар жұмысын елді мекендерді аралап, халықпен кездесуден бастауы, тазалық пен абаттандыру күнделікті мәдениетке айналуы қажет екені айтылды.
Келесі жылы қарақалпақ халқының ұлы перзенті, ақын әрі ойшыл Бердақ Қарғабайұлының туғанына 200 жыл толуын лайықты түрде атап өту ұсынылды. Мемлекет басшысы ақынның «Әрқашан халық үшін қызмет ет, өзім демей, халықты ойла» деген тағылымды сөздерінің бүгін де маңызын жоғалтпағанын атап өтті. Ақынның ғылыми-шығармашылық мұрасын зерттеу, цифрландыру, сақтау және жастарға жеткізуді қамтитын бағдарламаны бір ай ішінде әзірлеу тапсырылды.
Жиын соңында өңір мен сала басшыларының баяндамалары тыңдалып, Қарақалпақстан белсенділерімен сұхбат өтті.
Осылайша Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің Қарақалпақстанға сапары аяқталды.