Президент жасанды интеллект экожүйесін дамыту бойынша тапсырма берді
Президент Шавкат Мирзиёев елдегі жасанды интеллект экожүйесін дамыту бойынша қол жеткізілген нәтижелер мен алдағы кезеңге арналған басым міндеттер туралы тұсаукесермен танысты.
Кейінгі жылдары атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Өзбекстан жасанды интеллектке дайындық жөніндегі халықаралық рейтингте 25 сатыға көтеріліп, 62-орынға жайғасты. 2030 жылға дейін республиканы осы рейтингтегі әлемнің үздік 50 мемлекетінің қатарына енгізу көзделіп отыр.
Сондай-ақ жасанды интеллект негізінде әзірленетін бағдарламалық өнімдер мен қызметтердің көлемін 1,5 млрд АҚШ долларына жеткізу, есептеу инфрақұрылымын кеңейту және 200-ден астам жаңа жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Мемлекет басшысы бұл саладағы технологиялардың өте жылдам дамып жатқанын атап өтіп, әлемдік және өңірлік үрдістерді тұрақты талдап, озық технологияларды жедел игеру және жаңа бастамаларды қолға алу қажеттігін атап өтті.
Таныстырылымда алдымен заманауи есептеу инфрақұрылымын дамыту мәселесі қаралды.

Өткен айда «Цифрлық үкімет» деректер орталығында АҚШ-тың NVIDIA технологиялары негізінде жұмыс істейтін суперкомпьютер іске қосылды. Есептеу қуаты бойынша ол әлемдік рейтингте 321-орынға ие болды. Бір ай ішінде кластер жүктемесінің 90 пайызға жетуі елде жоғары өнімді есептеу ресурстарына сұраныстың артқанын көрсетті.
Бүгінге дейін заманауи есептеу инфрақұрылымына 24 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған. Қолданыстағы кластерді кеңейту үшін тағы 70 млн доллар бөлу ұсынылды. Сонымен қатар қажетті жабдықтарды жеткізу мерзімі мен Қарақалпақстанда шетелдік инвесторлармен бірлесіп салынып жатқан дата-орталықтар жобалары жөнінде ақпарат берілді.
Жасанды интеллект шешімдерінің тиімділігі ең алдымен сапалы деректер базасына тәуелді екені айтылды. Осыған байланысты министрліктер мен ведомстволардағы мәліметтерді толық түгендеу, олардың сенімділігі мен өзара сәйкестігін қамтамасыз ету және әр сала бойынша сапалы деректер қорын қалыптастыру міндеті жүктелді.
Биылдың өзінде экономика мен әлеуметтік салада жасанды интеллектке негізделген жобалардың санын 100-ден асыру көзделіп отыр. Таныстырылым барысында медицина, энергетика, көлік, кеден, құқықтық қызметтер, қоғамдық қауіпсіздік, экология және геология салаларына арналған жаңа шешімдер көрсетілді.

Бұл бағытта IT-Park резиденттері, стартаптар және 20-дан астам жасанды интеллект зертханасымен жүйелі ынтымақтастық орнатудың маңыздылығы атап өтілді. Биыл осы салада жұмыс істейтін резиденттер санын 300-ге жеткізу, олардың көрсететін қызмет көлемін 2 трлн сумға, ал экспортты 160 млн АҚШ долларына дейін ұлғайту жоспарланған.
Кадр даярлау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Қазіргі уақытқа дейін 1,5 миллионнан астам пайдаланушы жасанды интеллект бойынша арнайы сертификат алған. Бұдан бөлек, 900 басшы, 3 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер, мыңнан астам банк қызметкері және 200 кеңесші арнайы оқу бағдарламаларынан өткен.
Алдағы екі жылда «Бес миллион жасанды интеллект көшбасшысы» жобасын толық жүзеге асыру, сондай-ақ оқушыларға, студенттерге, мұғалімдерге және көпшілікке арналған заманауи оқу-әдістемелік материалдар әзірлеу міндеті жүктелді.
Нөкіс, Самарқанд, Термез, Бұхара, Ферғана, Әндіжан, Гүлстан және Жызақ қалаларында салалық хакатондар мен байқаулар ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Жасанды интеллект саласындағы үздік стартап» байқауы басталды. Осындай іс-шараларды елдің барлық өңірінде өткізу тапсырылды.
Облыс, аудан және қала әкімдерінің жасанды интеллект жөніндегі кеңесшілерінің қызметі де талқыланды. 500 үміткердің арасынан 222 кеңесші іріктеліп алынған. Бұл қызметтерге шетелде білім алған әрі заманауи технологияларды жетік меңгерген жас мамандарды кеңінен тарту және олардың жұмысын нақты нәтижелер мен тиімділік көрсеткіштері арқылы бағалау қажеттігі айтылды.

Сондай-ақ кеңесшілердің қызметін, жүзеге асырып жатқан жобалары мен бастамаларын бақылауға және қолдауға арналған арнайы цифрлық платформаны іске қосу тапсырылды.
Таныстырылымда жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың келешегі де қарастырылды. Өзбекстан жуырда WAICO – Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның негізін қалаушы мемлекеттердің бірі ретінде оған мүше болды.
Енді аталған ұйым аясындағы ынтымақтастық арқылы озық технологияларды, үлкен тілдік модельдерді және цифрлық трансформация шешімдерін Өзбекстанда енгізу, шетелдік технологиялық компаниялар мен ғылыми-зерттеу ұйымдарымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған жаңа бастамаларды қолға алу қажеттігі атап өтілді.
Жиын қорытындысында Мемлекет басшысы жауапты тұлғаларға есептеу қуатын кезең-кезеңімен арттыру, түрлі салаларда жасанды интеллектке негізделген қолданбалы жобалардың санын көбейту, сапалы деректер қорын қалыптастыру, дарынды жастар мен стартаптарды қолдау және халықаралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.