Президент жаңа әуежайды барып көрді
Президент Шавкат Мирзиёев 27 тамыз күні «Ташкент-Шығыс» аэродромы негізінде салынған жаңа әуежайды барып көрді.
Еліміз дамып, халықаралық беделі артып борған сайын әлеммен байланыстар да жанданып келеді. Сол себепті көлік инфрақұрылымының барлық бағыттарын теңгерімді дамыту шаралары жүзеге асырылуда.

Солар қатарында стратегиялық маңызы зор жобаларынан бірі – «Ташкент-Шығыс» аэродромы негізінде құрылған бизнес авиация кешені. Оның құрылысы 2017 жылы басталған еді. Пандемия мен одан кейінгі қиындықтарға қарамастан, ақыры алып нысан толық аяқталды.
Жаңа әуежайдың жалпы аумағы 561 гектарды құрайды. 4 шақырымдық ұшу-қону жолағы мен 3 қозғалыс жолағы қайта жаңғыртылып, ең ауыр ұшақтарды да қабылдай алатындай қуатқа ие болды. 20 әуе кемесіне арналған перрон салынды. «Boeing 787», «A320» секілді лайнерлерге, бизнес-джеттер мен тікұшақтарға арналған ангарлар тұрғызылып, олардың қыста жылы, жазда салқын әрі қауіпсіз сақталуына жағдай жасалды.

Әуежайда VIP және CIP терминалдары бой көтерді. Жоғары мәртебелі қонақтарға арналған залда ресми қабылдау, келіссөздер және брифинг өткізуге толық мүмкіндік бар. Сағатына 100 жолаушыны қабылдай алатын CIP терминалында дүкендер мен тамақтану орындары қарастырылған.
Маңыздысы, әуежай ICAO III-A санатындағы заманауи радиотехника және метеорологиялық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл қолайсыз ауа райында да ұшып-қонуға мүмкіндік береді.

Жаңа әуежай ыңғайлы орналасуының арқасында астана мен Жаңа Ташкент қаласы үшін маңызды көлік хабына айналады. Халықаралық сапарлар мен іскерлік кездесулерге жол ашылып, шетелдік инвесторларға жағдай жасалады. Соның нәтижесінде экономикалық байланыстар мен қызмет көрсету саласы дами түсіп, жаңа жұмыс орындары пайда болады.
Мемлекет басшысы осы жерде қоғам белсенділері, ақсақалдармен де әңгімелесті.

– Көп жыл дайындалып, міне осындай әуежай салдық. Бұл да мемлекетіміздің іргесін бекіте түсетін тірлік. Мұнда елімізге келетін қонақтар мен әуе кемелеріне жоғары деңгейде қызмет көрсетіледі. Соның нәтижесінде Ташкент халықаралық әуежайының жүктемесі жеңілдейді. Құдай қаласа, ол әуежай үшін де басқа орында үлкен кешен салуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, барлық өңірлерімізде ірі жобаларды бастадық. Тәуелсіздігіміз баянды, халқымыздың бақ-берекесі арта берсін, – деді Президент.

