Президент Хиуада ірі іс-шараларға арналған инфрақұрылыммен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев Хиуа қаласында жаңадан бой көтерген Конгресс-холл, үш жұлдызды қонақүй және «Хиуа Ичан қалъа» қабылдаулар үйінің жұмысымен танысты.
Аталған нысандар Мемлекет басшысының 2026 жылғы 30 сәуірдегі тиісті қаулысы негізінде салынған. Оларды іске қосу нәтижесінде 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу, жылына 50 мың туристке қонақүй қызметін көрсету және қызметтер экспортын 4 миллион долларға жеткізу көзделген.


Заманауи премиум үлгі мен Хорезмнің ұлттық сәулет өнері элементтері үйлесім тапқан Конгресс-холл халықаралық конференциялар, бизнес-конференциялар, үкіметаралық келіссөздер және мәдени форумдар өткізуге арналған.
Жалпы аумағы 1,9 гектар кешенді салуға 857 миллиард сум бюджет қаражаты бағытталған. Оның айналасында кең жасыл аймақтар мен саябақтар абаттандырылып, «Жасыл кеңістік» жалпыұлттық жобасы аясында көгалдандыру жұмыстары жүргізілген.


Конгресс-холлға іргелес аумақта халықаралық конференцияларға қатысушылар мен туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында үш жұлдызды қонақүй де салынды. Құны 169 миллиард сум болатын, жалпы аумағы 1,6 гектар жобаның аясында 60 жаңа жұмыс орны құрылды.
Төрт қабатты қонақүйде 310 адамға арналған 156 бөлме, кең вестибюль, ресепшн, мейрамхана-бар, балалар бөлмесі және терраса бар. Сондай-ақ жабық бассейн, фитнес және велнес аймақтарынан тұратын сауықтыру кешені ұйымдастырылған.


Қонақүйден Конгресс-холл ғимаратына, «Мәңгілік шаһар» тарихи-этнографиялық саябағына және қолөнершілер сауда орындарына жасыл жаяу жүргіншілер жолы арқылы бірнеше минутта жетуге болады.
Мемлекет басшысы «Хиуа Ичан қалъа» қабылдаулар үйін де аралап көрді. Жалпы аумағы 2 гектар болатын бұл кешен ресми іс-шаралар өткізуге және шетелдік делегацияларды қабылдауға арналған. Жобаның құны 260 миллиард сумды құрайды.


Ғимараттың сәулетінде Хорезмге тән көркем ағаш оюлы бағандар, ганткарлық өнері, көк және көгілдір түсті қыш тақталар кеңінен қолданылған. Қабылдаулар үйінің айналасында өлкенің бай тарихын бейнелейтін фотокөрмелер мен ұлттық қолөнер шеберханаларының жұмысы жолға қойылған.
Осы жерде Мемлекет басшысы Хорезм облысының қоғам өкілдерімен шынайы пікір алмасты. Кездесуде соңғы жылдары өлкеде болып жатқан ауқымды өзгерістер, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымындағы жаңарулар сөз болды. Көне Хорезм жерінде Жаңа Өзбекстанның жасампаздық, даму және жаңғыру рухы барған сайын айқын көрініс тауып келе жатқаны атап өтілді. Өңірдің бай тарихы мен дәстүрін сақтай отырып, оны заманауи, көркейген әрі өркендеген аймаққа айналдыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі айтылды.


Мемлекет басшысы аталған кешендерді тиімді пайдалану, Хиуада ірі халықаралық іс-шаралардың санын көбейту, туристерге көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде тиісті тапсырмалар берді.








