Президент Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерін мерекемен құттықтады
Президент Шавкат Мирзиёев 8 мамыр күні Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Мемлекет басшысы Қарулы Күштердің Бас әскери клиникалық госпиталінде ардагерлер – Акмал Акрамов, Вера Журавская, Хасанбой Халматов және Владимир Алексейковпен көңілді сұхбат құрды. Олардың жағдайы мен денсаулығына көңіл бөліп, қиын да тағылымды өмір жолы мен көрсеткен ерліктерін ерекше атап өтті.

– Сіздер – тарихтың тірі куәсі, қайсарлықтың символысыздар. Сіздердей қастерлі жандармен жүздесу, ақыл-кеңестеріңізді тыңдау бізге зор рухани күш береді. Халқымыз сіздермен шексіз мақтанады. Бүгінгі бейбіт әрі еркін өмір, ұрпақтардың жарқын болашағы – сіздердің өлшеусіз еңбектеріңіздің жемісі. Сіздердің өнегелі өмір жолдарыңыз – жастарымыз үшін нағыз ерлік мектебі, – деді Президент.

Мемлекет басшысының биылғы 16 сәуірдегі шешіміне сәйкес, соғыс және еңбек ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілуде.

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар, тыл ардагерлері, сондай-ақ тәуелсіздік жылдарында қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасы мүшелері мемлекет қамқорлығында. Оларға материалдық және рухани қолдау көрсетіліп, денсаулықтарын қалпына келтіру үшін еліміздің үздік шипажайларына жеңілдікпен жолдамалар берілген.

– Жаратқан сіздерге отансүйгіштік пен адал еңбектеріңіздің сыйы ретінде ұзақ ғұмыр, ел құрметіне бөленіп өмір сүру бақыты нәсіп еткен. Сіздердің ақ баталарыңыз елімізге амандық, істерімізге береке әкеледі, – деді Президент.

Кездесу барысында ардагерлер елімізде тарихи жадты жаңғырту, қарттарды құрметтеу бағытында жүзеге асып жатқан реформалар үшін Мемлекет басшысына алғыс білдірді.
