Президент аграр саладағы субсидия мен сақтандыру жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстармен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев аграр салада субсидия бөлу және сақтандыру жүйелерін жетілдіруге қатысты ұсыныстардың тұсаукесерімен танысты.
Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығын мемлекет тарапынан қолдау ауқымы кеңейіп, субсидия бөлу үдерістері кезең-кезеңімен цифрландырылуда. Биыл саладағы субсидия бағыттарының саны 29-ға, ал түрлері 91-ге жеткізіліп, осы мақсаттарға 2,7 триллион сум қарастырылған. Бірқатар бағыт бойынша өтінімдер алдын ала қалыптастырылып, төлем мерзімдері едәуір қысқартылды.
Таныстырылым барысында ендігі жерде субсидияларды жай ғана шығынды өтеуге емес, нақты нәтижеге байланыстыру қажеттігі атап өтілді. Келесі жылдан бастап «қаражат бөлу» моделінен «нәтижеге негізделген субсидия» моделіне кезең-кезеңімен көшу ұсынылды.

Жаңа жүйеде өнімділік, суды және энергияны үнемдеу, жұмсалған ресурстар есебінен алынған өнім көлемі негізгі өлшемдер болады. Барлық мәлімет тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен адам факторынсыз алынады. Әрбір субсидия алушының электрондық паспорты қалыптастырылып, нәтижелер онлайн режимде бақыланады.
Алғашқы кезеңде бұл тетік су үнемдейтін технологияларды енгізу бағытында сынақтан өткізіледі. Субсидия берілгеннен кейін екі-үш жыл бойы су тұтыну көлемі, өнімділік және суды пайдалану тиімділігі бағаланады. Белгіленген көрсеткіштер орындалмаған жағдайда субсидия қаражатын қайтару тетігі қолданылады. Бұл мемлекеттік қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етеді.

Таныстырылымда ауыл шаруашылығын сақтандыру жүйесін жетілдіру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда «Agrosafe» ақпараттық жүйесі арқылы электрондық өтінім беруден бастап, шарт пен полисті рәсімдеу, мониторинг жүргізу, сараптама жасау және өтемақы төлеуге дейінгі үдерістер цифрландырылған.
Сақтандыру аясын кеңейтіп, бақтар мен жүзімдіктердегі көшеттер мен ағаштарды, импортталған малды, сондай-ақ кездейсоқ оқиғаларға байланысты тәуекелдерді де сақтандыру жоспарланған. Сонымен қатар мал шаруашылығы, бақша дақылдары, картоп және пияз өсіруге арналған жаңа сақтандыру өнімдері енгізіледі.
2027 жылы 45 мың ауыл шаруашылығы кәсіпорнын сақтандырумен қамту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сақтандыру деңгейін 60 пайызға жеткізу, 500 тәуелсіз сарапшы даярлау және сақтандыру қызметтерін толық цифрландыру жоспарланған.
Жаңа тәсілде келтірілген залалды өтеумен қатар, тәуекелдердің алдын алуға да басымдық беріледі. Осы мақсатта сақтандыру сыйлықақысының 3-5 пайызын арнайы қорда жинақтап, оны мал шаруашылығында вакцинация, профилактика және ветеринариялық қызметтерге, мақта және астық шаруашылығында биологиялық қорғау шараларына, ал бау-бақша және жүзім шаруашылығында табиғи апаттардан қорғайтын құралдарды орнатуға бағыттау ұсынылды.

Мемлекет басшысы субсидия мен сақтандыру жүйелері, ең алдымен, фермер үшін қарапайым әрі қолайлы болуы, ал мемлекеттік қаражат нақты нәтижеге қызмет етуі қажет екенін атап өтті. Үдерістердегі адам факторын азайту, ашықтықты қамтамасыз ету, сақтандыру жағдайларын әділ бағалау және өтемақыларды жедел төлеу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Жауапты тұлғаларға айтылған ұсыныстарды жетілдіріп, тиісті құқықтық құжаттардың жобаларын енгізу міндеті жүктелді.