
Варшавада польшалық фермерлер Украинадан ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға, сондай-ақ Еуропаның экологиялық нормаларына қарсы наразылық акцияларын бастады.
Польшалық фермерлер Еуропа комиссиясының Варшавадағы өкілдігінің алдында жиналып, наразылық акциясын өткізуде. Бұл жағдай Польша 2025 жылдың ортасына дейін Еуропалық Одаққа төрағалық ететін уақытпен тұспа-тұс келіп отыр.
Польшалық фермерлер Украинадан ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға, Еуропаның экологиялық нормаларына және елдегі экономикалық көрсеткіштердің төмендеуіне қарсы наразылықтарын білдіруде.
«Еліміздегі барлық ауыл шаруашылығы ұйымдары Еуропалық Одақтың зиянды саясатына, біздің шаруашылықтарымызды жабуға мәжбүрлейтін осы саясатты бастаған Урсула фон дер Ляйенге қарсы наразылық өткізіп жатыр», — деген «Бірлік» кәсіподақ ұйымының жетекшісі Томаш Оканьский.
Фермерлердің наразылығына аңшылық қоғамдастық өкілдері де қосылған. Олар ормандарды пайдалану және аңшылық бойынша ЕО мен үкімет саясатына наразылық білдіруде.
Наразылық Варшава орталығындағы Ясная көшесінде басталып, орталық көшелермен жалғасуда. Польша астанасының полиция басқармасы фермерлер шеруіне байланысты бірнеше көшеде қозғалыс тоқтатылғанын хабарлады.
Өз кезегінде Польша ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрлігінің басшысы Чеслав Секерский фермерлерді жұмыс орнында күтіп, олардың талаптарын тыңдауға дайын екенін мәлімдеген.
Еске сала кетейік, қараша айында польшалық фермерлер Украинамен шекарада орналасқан Медыка — Шегини бақылау-өткізу пунктінен өтетін жолды жүк көліктері үшін жауып тастаған еді.