Пәкістан Иран мен АҚШ арасында келіссөздер өткізуге алаң ұсынуға дайын
Шахбаз Шариф Исламабад қаласының Таяу Шығыстағы жағдай бойынша «мазмұнды әрі конструктивті келіссөздер» өткізуге алаң ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.
«Пәкістан аймақта және одан тыс жерлерде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Таяу Шығыстағы соғысты тоқтатуға бағытталған диалогты жалғастыру жөніндегі күш-жігерді құптайды және толық қолдайды», – деп жазды премьер-министр X әлеуметтік желісінде.
Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарын түрлі болжамдардан аулақ болуға шақырып, Исламабадтың Таяу Шығыстағы жағдай аясында АҚШ пен Иран өкілдері арасында келіссөздер ұйымдастыруы мүмкін деген хабарларға қатысты ресми мәлімдемелерді күтуді ұсынған еді.
23 наурыз күні Дональд Трамп Иранмен келіссөздер өтетінін жариялап, кейін Иранның энергетикалық нысандарына жасалатын шабуылдарға бес күндік мораторий енгізілгенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, арнайы өкіл Стив Уиткофф пен кәсіпкер Джаред Кушнер «Ирандағы ең ықпалды тұлғалардың бірімен» сөйлескен. Алайда Тегеран Вашингтонмен қандай да бір байланыстарды жоққа шығарды.
Axios басылымы америкалық дереккөзге сілтеме жасап, Түркия, Мысыр және Пәкістан соңғы күндері делдал ретінде әрекет еткенін хабарлады.
Ал The Express Tribune мәліметінше, Исламабад америкалық делегация қатысатын келіссөздер өткізу үшін ықтимал орындардың бірі ретінде қарастырылып отыр.