Парламентаралық және партияаралық диалог мемлекеттердің дамуына ықпал етеді
Самарқанда "Орталық Азия – Қытай елдері арасындағы байланыстарды нығайтудағы саяси партиялардың рөлі" тақырыбында конференция өтті.
Орталық Азия – Қытай саяси партиялары диалогы аясында алғаш рет Қытай Халық Республикасынан тыс жерде – Өзбекстанда өткен анжуманға Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанның жетекші саяси партияларының басшылары мен өкілдері, Қытай Коммунистік партиясының делегациясы, парламент мүшелері, дипломаттар және сараптамалық-талдау орталарының өкілдері қатысты.
Конференцияда Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Заң шығару палатасы Спикерінің орынбасары Рахым Хакимов, Қытай Халық Республикасы Коммунистік партиясы Орталық комитеті халықаралық бөлімінің басшысы Лю Хайсин, Кәсіпкерлер мен іскерлер қозғалысы – Өзбекстан Либерал-демократиялық партиясы орталық кеңесінің төрағасы Актам Хайитов, сондай-ақ Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Түрікменстан парламенттері мен саяси партияларының өкілдері соңғы жылдары "Орталық Азия – Қытай" форматының стратегиялық сенім мен көпжақты ынтымақтастықтың маңызды платформасына айналып келе жатқанын атап өтті. Олар Саяси партиялар көшбасшыларының Самарқан конференциясы партияаралық диалогты жаңа деңгейге көтеруге, мемлекетаралық келісімдерді саяси партиялар мен парламенттер деңгейінде қолдауға және оларды нақты экономикалық әрі әлеуметтік нәтижелерге бағыттауға қызмет ететінін айтты.

– Өзбекстан үшін Қытай Халық Республикасымен қарым-қатынас стратегиялық маңызға ие, – деді Олий Мәжіліс Заң шығару палатасы Спикерінің орынбасары Рахым Хакимов. – Президент Шавкат Мирзиёевтің саяси ерік-жігері мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің күш-жігерінің арқасында екі елдің қарым-қатынасы жаңа дәуірдегі жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейіне көтерілді. Стратегиялық серіктестіктің тиімділігі ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашу, бизнес мүмкіндіктерін кеңейту, өңірлерді дамыту және жас ұрпаққа болашақ сыйлаумен айқындалады. Бұл елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың маңызды мақсаты – жоғары деңгейдегі саяси келісімдерді халық өміріндегі нақты экономикалық және әлеуметтік нәтижелерге айналдыру екенін тағы бір мәрте көрсетеді.

– Бүгінгі беделді халықаралық конференцияны үлкен дайындықпен өткізіп жатқаны үшін Өзбекстан тарапына алғыс білдіремін, – деді ҚХР Коммунистік партиясы Орталық комитеті халықаралық бөлімінің меңгерушісі Лю Хайсин. – Қытай мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастық байланыстары қарқынды дамып келеді және бұған, әрине, Өзбекстанның өте маңызды бастамалары мен лайықты үлесі бар. Осы тұрғыдан алғанда, "Орталық Азия – Қытай" партияаралық диалогының алғаш рет Қытайдан тыс жерде, яғни Өзбекстанда, көркем Самарқанда өтуі тегін емес.

Конференцияда әлемде геосаяси қарама-қайшылықтар, экономикалық тұрақсыздық күшейіп жатқан кезеңде өңірдегі өзара байланыстылықты күшейту тұрақтылықтың маңызды факторына айналып отырғаны атап өтілді. Ал Қытай мен Орталық Азия ынтымақтастығының саяси, экономикалық, көлік, технологиялық және гуманитарлық бағыттарда өзара үйлесімді дамуы өңірде жаңа мүмкіндіктер кеңістігін қалыптастыруға қызмет етеді.
Қатысушылардың пікірінше, қазіргі жағдайда партияаралық дипломатия елдер арасындағы өзара сенімді нығайтудың, қоғамдар арасындағы диалогты кеңейтудің және озық тәжірибені зерделеудің маңызды құралы болып саналады. Саяси партиялар түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін білдіре отырып, реформалардың әлеуметтік маңыздылығын түсіндіруде және қолдауда маңызды орын алады.
Парламентаралық ынтымақтастық қол жеткізілген мемлекетаралық келісімдердің тұрақты құқықтық негізін қамтамасыз етуге қызмет ететіні атап өтілді. Сол себепті заң шығару, мемлекеттік және жергілікті басқару, шағын және орта бизнесті дамыту, кедейлікті қысқарту, цифрландыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, жастар мен әйелдерді қолдау салаларында заңнамалық тәжірибемен жүйелі түрде алмасудың маңыздылығына тоқталды.

– Орталық Азия өңірі экономикалық, инвестициялық, сауда, көлік-логистика салаларын дамытуға ортақ мүдделі және бүгінде осы бағытта мемлекеттеріміз арасындағы байланыстар жаңа сатыда дамып келеді, – дейді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым. – Бұл ретте Қытай өңірдің ең жақын серіктесі болып саналады. Ал партияаралық, парламентаралық диалог мемлекет басшылары қол жеткізген келісімдерді тиімді жүзеге асыруда, заңдарды қабылдау кезінде ынтымақтастықтың түрлі бағыттарын ескеруде және үйлестіруде маңызды рөл атқарады.
Конференцияда атап өтілгендей, мұндай кездесулер тек пікір алмасу алаңы болып қана қоймай, сонымен қатар "Орталық Азия – Қытай" форматындағы нақты экономикалық және әлеуметтік жобаларды заңнамалық тұрғыдан қолдау құралына айналуы тиіс. Атап айтқанда, инвестициялар үшін қолайлы құқықтық орта қалыптастыруда, сауда мен электрондық коммерцияны дамытуда, стандарттау және сертификаттау жүйелерін жетілдіруде парламенттер маңызды рөл атқаруы қажет.
Бұл ретте "Орталық Азия – Қытай" тетігінің күн санап нығайып келе жатқанына ерекше назар аударылды. Тату көршілік пен серіктестік кеңістігіне айналған Орталық Азиядағы терең трансформациялық үдерістер, сондай-ақ Қытайдың көрші мемлекеттермен достық қарым-қатынастарды дамытуға және "Бір белдеу, бір жол" жаһандық тұжырымдамасын ілгерілетуге деген мызғымас адалдығы осы форматтағы ынтымақтастықтың дамуына мүмкіндік беріп отыр.

– Орталық Азия мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық қатынастарында "Өзбекстан – Қырғызстан – Қытай" теміржолының құрылысы – аса ірі тарихи оқиға, – дейді "Қытай – Орталық Азия" тетігінің бас хатшысы Сунь Вэйдун. – Бұл аймақтағы барлық елдің ортақ мүддесіне қызмет етеді және стратегиялық салалардың дамуын тарихи жаңа кезеңге көтереді. Бұдан бөлек, біз өңірде жасыл энергетиканы бірлесіп дамытуға мүдделіміз және бұл бағыттағы байланыстардың жылдан-жылға кеңейіп келе жатқаны қуантады. Парламенттік, қоғамдық және халықтық дипломатияны дамыту – елдеріміздің өркендеуіне қызмет ететін маңызды құралдардың бірі. Ал бұл конференция партияаралық диалог пен өзара достық қарым-қатынастарды нығайту үшін маңызды платформа болып қызмет ететініне сенімдімін.
Шарада Қытай мен Орталық Азия елдерінің саяси партиялары арасындағы диалогты тұрақты түрде жалғастыру, парламенттер мен олардың комитеттері арасындағы тікелей байланыстарды кеңейту, заң шығармашылығы бойынша тәжірибе алмасу, сондай-ақ іс жүзіндегі бастамаларды ілгерілетудің маңыздылығы атап өтілді. Қатысушылар саяси партиялар мен парламенттер арасындағы диалогты жаңа деңгейге көтеру, қолданыстағы келісімдердің әлеуметтік маңыздылығын күшейту және аймақтың бейбітшілігіне, тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуіне қызмет ететін іс жүзіндегі бастамаларды қолдау бойынша ортақ ұстанымдарды ұсынды.
Ғолиб Хасанов,
ӨзА тілшісі