Өзбекстан Президенті ФИФА басшысын қабылдады
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев 30 қыркүйек күні Халықаралық футбол қауымдастықтары федерациясының (ФИФА) басшысы Джанни Инфантиноны қабылдады.
Сұхбат басында ФИФА Президенті Өзбекстанның футболдағы жетістіктерін және елде спортты жан-жақты қолдауға бағытталған нәтижелі реформалардың жемісін жоғары бағалады.


Өзбекстан мен Әзербайжанда 20 жасқа дейінгі жастар арасында футболдан әлем чемпионатын өткізу мәселесі кездесудің негізгі тақырыбы болды. Бұл – халықаралық деңгейдегі ірі спорттық шара.
ФИФА-мен футболды кеңінен насихаттау, әсіресе жастардың осы спорт түріне қызығушылығын арттыруға бағытталған бірлескен бағдарламаларды ілгерілету бойынша тиімді ынтымақтастық жолға қойылғаны атап өтілді.

Серіктестікті, ең алдымен, футболды ұйымдастыру және басқару жүйесін жаңғырту, жас таланттарды анықтап, олардың әлеуетін ашуға жәрдемдесу, сондай-ақ жаттықтырушыларды, төрешілерді, менеджерлерді, спорт дәрігерлері мен техникалық мамандарды халықаралық деңгейде даярлау бағыттарында одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.
Өзбекстанда ФИФА-ның ірі турнирлері мен іс-шараларын өткізуге, сондай-ақ Ташкент қаласында федерацияның өңірлік өкілдігін ашу жұмысын жеделдетуге ерекше назар аударылды.
