Өзбекстан Президенті Данияның сыртқы істер министрін қабылдады
Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзиёев 2 қазан күні елімізге ресми сапармен келген Дания Корольдігінің сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссенді қабылдады.
Кездесуде Өзбекстан мен Дания арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтудің практикалық мәселелері қаралды.

Екіжақты ынтымақтастықтың едәуір жандана түскені атап өтілді. Өткен жылы Данияға Өзбекстанның резиденциясы Стокгольм қаласында орналасқан алғашқы елшісі тағайындалды. Биыл Дания Орталық Азия бойынша арнайы өкілін тағайындады.
Кейінгі жылдары екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен бес есе өсті. Данияның жетекші компанияларының қатысуымен Өзбекстанда тау-кен, химия және тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, сумен жабдықтау және басқа да салаларда бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.

Өзара сауда көлемін одан әрі арттыру, Данияның инвестицияларын, озық технологиялары мен ноу-хауын энергетика, фармацевтика, көлік және логистика, агроөнеркәсіп кешені және басқа да перспективалы бағыттарға тартудың маңыздылығы атап өтілді.
Білім, мәдениет және туризм салаларындағы байланыстарды дамыту үшін де айтарлықтай әлеует бар екені айтылды.

Халықаралық және аймақтық маңызы бар өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасылды.
Кездесу соңында ынтымақтастықты жүйелі түрде кеңейту үшін институционалдық негізді нығайту және шарттық-құқықтық базаны жетілдіру жөнінде келісімге қол жеткізілді.