Өзбекстан параспортшылары V Параазия ойындарында бақ сынайды
Биыл, 18–24 қазан аралығында Жапонияның Айчи префектурасы мен Нагоя қаласында V Параазия ойындарының алауы тұтанады. Азия құрлығының ең басты спорттық додасына 45 ұлттық паралимпиада комитетінен жиналған сайыпқырандар спорттың 18 түрі бойынша өзара бақ сынайды. Осынау байрақты бәсеке Күншығыс елінің заманауи 19 спорт кешенінде ұйымдастырылмақ.
Дүбірлі дода қарсаңында Өзбекстан делегациясы Жапония жеріне табан тіреп те үлгерді. Олар спорттың 11 түрінен жүлдені сарапқа салады. Осы жауапты сында ел намысын қорғайтын спортшылар толыққанды оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, шеберліктерін шыңдай түсті.
Жапонияда өзбекстандық параспортшылар паражеңіл атлетика, паражүзу, паратхэквондо, парадзюдо, паравелоспорт, парабадминтон, парасадақ ату, парасемсерлесу, парапауэрлифтинг, параүстел теннисі және бочча бойынша бәсекеге түседі. Атап айтарлығы, парасемсерлесу, парасадақ ату және бочча — Өзбекстан құрамасы үшін Параазия бәсекесіндегі жаңа бағыттар.


Бұл айтулы жарыс отандық спортшылар үшін халықаралық аренада шыңдалып, мол тәжірибе жинауға, сонымен бірге биік белестерді бағындыруға зор мүмкіндік. Өзбекстан делегациясы құрлықтық додада ел үмітін ақтап, үздіктер қатарынан көрінуді көздейді.
Дүбірлі жарыс басталмас бұрын Өзбекстан Ұлттық паралимпиада комитетінің төрағасы Мухторхон Тошхужаев Айчи–Нагоядағы Өзбекстан делегациясының штаб-пәтеріне арнайы ат басын бұрды. Сапар барысында комитет басшысы спортшылардың тұруына, тынығуына және жаттығу жасауына жасалған жағдайлармен танысты.
Сондай-ақ жауапты тұлғалардың қатысуымен жиын өтіп, спортшылардың дайындық барысы мен алда тұрған маңызды міндеттер таразыланды.
Еске сала кетсек, 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Параазия ойындарында Өзбекстан құрамасы 25 алтын, 24 күміс және 30 қола (жалпы 79 медаль) еншілеп, жалпыкомандалық есепте үздік 8-орыннан көрінген еді.