Өзбекстан мен «Traxys» компаниясы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды
Маңызды минералдық ресурстарды игеру, оларды терең өңдеу және салаға инвестиция тарту – Өзбекстанның тау-кен өнеркәсібін дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Осы ретте халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнатуға және заманауи технологияларды енгізуге ерекше назар аударылып келеді.
Министрлік баспасөз қызметінің хабарлауынша, Самарқандта өткен «C5+1» бизнес-форумы аясында Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Жамшид Худжаев, инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Қудратов, сондай-ақ тау-кен өнеркәсібі және геология министрі Бобур Исломов америкалық «Traxys» компаниясының бас атқарушы директоры Марк Кристоффпен кездесу өткізді.

Кездесуде маңызды минералдық ресурстар саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы және оны одан әрі дамыту мүмкіндіктері талқыланды. Атап айтқанда, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, минералдық шикізатты өндіру және терең өңдеу, инвестиция тарту, озық технологияларды енгізу, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне назар аударылды.
Бұл кездесу «Traxys» компаниясымен осыған дейін жүргізілген келіссөздердің мазмұнды жалғасы болды. Алдыңғы кездесулерде тау-кен өнеркәсібі мен геология саласын трансформациялау, инвесторларға қолайлы жағдай жасау және перспективалы жобалар бойынша ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнату мәселелері қарастырылған еді.

Тараптар сала кәсіпорындарымен ынтымақтастықты кеңейтуге және тұрақты өндірістік тізбектер қалыптастыруға мүмкіндік бар екенін атап өтті. Өзбекстан тарапы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Ал «Traxys» басшылығы елдегі перспективалы жобаларға қатысуға және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытты.
Кездесу соңында Өзбекстан Республикасы мен «Traxys» компаниясының арасында ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімге қол қойылды.