Өзбекстан мен Оман экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге келісті
Өзбекстан Республикасы инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Қудратовтың 30 қыркүйек – 2 қазан күндері Маскат қаласына жасаған жұмыс сапары екі ел арасындағы экономикалық қатынастарды сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерді.
Сапар аясында Оманның мемлекеттік құрылымдары мен жетекші компанияларының басшыларымен бірқатар нәтижелі келіссөздер жүргізілді.
Өзбекстан делегациясы Оманның экономика министрі Хамис бин Саиф Әл-Жабриймен және сауда, өнеркәсіп және инвестицияларды ынталандыру министрі Әнуар бин Хилал Әл-Жабриймен кездесті. Кездесулер барысында тараптар өзара сауда көлемін арттыру және әртараптандыру, өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету, көлік-логистика дәліздерін дамыту және транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту сияқты басым бағыттарды жан-жақты талқылады.
Оманның іскер топтары өкілдерімен өткен кездесулер нақты іске бағытталып, логистика, энергетика, мұнай-газ химиясы, электротехника, тау-кен өнеркәсібі, банк секторы және туризм сияқты маңызды салаларды қамтыды.

Атап айтқанда, жаңа өндірістік қуаттар мен логистикалық орталықтар салу, энергия сақтау жүйелері мен заманауи деректер орталықтарын (Data center) құру, сондай-ақ шикізатты терең өңдеу және тікелей жеткізу тізбектерін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сапар қорытындысы бойынша екіжақты қатынастардың құқықтық негізін нығайтуға бағытталған маңызды қадамдар жасалды. Атап айтқанда, преференциялық сауда, инвестицияларды өзара ынталандыру және қорғау туралы келісімдерді әзірлеу, сондай-ақ жаңа көлік дәліздері мен бірлескен жобалар бойынша нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Сонымен қатар жақын уақытта Өзбекстанда бірлескен бизнес-форум мен елдің экономикалық әлеуетіне арналған көрме өткізу, сондай-ақ Оманның ірі бизнес өкілдерімен тікелей диалогты жалғастыру мәселелері талқылануда.
Бұл сапар Өзбекстан мен Оман арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті одан әрі кеңейтуге және ұзақ мерзімді, өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға берік негіз қаламақ.