Өзбекстан Артемида келісімдеріне қол қойды
Бүгін Самарқанд қаласында өткен екіжақты келіссөздерден кейін Өзбекстан Республикасының сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов пен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Айды, Марсты, кометалар мен астероидтарды бейбіт мақсатта пайдалану және зерттеу жөніндегі ынтымақтастық қағидаттарын айқындайтын Артемида келісімдеріне қол қойды.
Аталған құжат Өзбекстанның NASA және келісімге қатысушы басқа да мемлекеттердің ғарыш агенттіктерімен ынтымақтастығын кеңейтуге, ұлттық кадрларды даярлауға және ғарыш технологияларын трансферттеуге жаңа мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді.
Айта кетейік, Өзбекстан Артемида келісімдеріне қол қойған 77-мемлекет болды.

Сондай-ақ екі елдің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары «C5+1» форматындағы министрлер кездесуіне орай ұйымдастырылған «Өзбекстан мен АҚШ: ғасырлар мен құрлықтарды жалғаған ортақ тарих» атты көрмеге қатысты.

Халықтарымыз арасындағы ғылыми және мәдени байланыстардың бай тарихын таныстыратын осынау көрмеге Ахмед әл-Фарғанидің ғылыми мұрасы, америкалық көрнекті жазушы Эдгар Аллан Поның Ұлы қолбасшы Әмір Темірге арналған өлеңдер жинағы, америкалық саяхатшылардың өлкеміз туралы еңбектері және басқа да баға жетпес мұра үлгілері қойылған, – деп жазды Б. Саидов өзінің Telegram арнасында. – Сонымен қатар 1973 жылы басталған Ташкент пен Сиэтл арасындағы бауырластық байланыстарға қатысты материалдар халықтарымыз достығының тарихи тамырларын тағы бір мәрте көрсетті. Ортақ тарихымызды терең зерттеп, кеңінен насихаттау халықтарымыз арасындағы өзара түсіністікті нығайтып, ғылым мен мәдениет салаларындағы ынтымақтастығымызға жаңа мүмкіндіктер ашады.