Осы аптада Президент Шавкат Мирзияев Самарқандқа барады
Өзбекстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов журналистерге арналған кезекті брифинг өткізді.
Онда, Мемлекет басшысының өткен аптадағы қызметі туралы қысқаша ақпарат беріліп, осы аптада күтілетін маңызды оқиғалар туралы баяндалды.
Атап айтқанда, 15 тамызда Мемлекет басшысы Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті. 16 тамызда Президент Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен де сөйлесті.
Өткен аптаның ең маңызды оқиғасы Өзбекстан Президентінің Сауд Арабиясы Корольдігіне мемлекеттік сапары болды.

Бұдан бөлек, өткен аптада Өзбекстан спорты тағы бір жетістікке жетті. Түркияның Конья қаласында өткен 5-ші Ислам ынтымақтастығы ойындарында ұлттық құрамамыздың мүшелері 51 алтын, 42 күміс, 65 қола медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте екінші орынды иеленді.
Мемлекет басшысы жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін және олардың жаттықтырушыларын құттықтап, біржолғы ақшалай сыйлықпен марапаттады.
Бүгін, 22 тамызда Мемлекет басшысы кәсіпкерлермен ашық диалог өткізеді. Сондай-ақ Америка Құрама Штаттарының конгрессмендері Трент Келли мен Дерин Лахудті қабылдау жоспарланған.
Апта барысында Президент өңірлерде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары және әлеуметтік-экономикалық жобалармен танысу мақсатында Самарқанд облысына барады деп күтілуде.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы апта барысында республиканың экономикалық және әлеуметтік дамуына арналған бірқатар кездесулер өткізеді.
Носиржан Хайдаров(сурет), ӨзА