Өзбекстан Республикасының Орталық банкі коммерциялық банктердің ресми веб-сайттарында ақпаратты ашу жағдайын тексеру нәтижесінде 18 банкке жалпы көлемі 1 миллиард 836 миллион сум айыппұл салды.
Мәліметтерге қарағанда, биылғы қыркүйек–қазан айларында Орталық банк коммерциялық банктердің веб-сайттарына мониторинг жүргізген. Тексеру барысында бірқатар кемшіліктер мен заңбұзушылықтар анықталған.
Атап айтқанда, кейбір банктер «Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік тілі туралы» Заң талаптарын орындамаған, яғни өз сайттарында ақпаратты мемлекеттік тілде жарияламаған. Сонымен қатар, кейбір банктер несие қамтамасыз етуге қабылданған кепіл мүліктерін қарыз қалдығына сәйкес кезең-кезеңімен кепілден шығару тәртібін де жария етпеген.
Бұл талаптарды бұзған банктер қатарында «Агробанк», «Анор банк», «Хаёт банк», «Универсал банк», «Гарант банк», «Асакабанк», «Туронбанк», «Инфинбанк», «Микрокредитбанк», «Трастбанк», «Мадад Инвест банк», «Содерот банк», «Ориент Финанс банк», «Ипотека-банк», «Тенге банк», «Зираат банк Узбекистан», «АВО банк» және «Опен банк» бар.
«Орталық банк әрбір ереже бұзған банкке 102 миллион сумнан айыппұл салды. Сонымен қатар, барлық банктерге анықталған кемшіліктерді жою және веб-сайттардағы ақпаратты заңнама талаптарына толық сәйкестендіру туралы нұсқаулар жіберілді», делінген хабарламада.
Орталық банк барлық коммерциялық банктерге тұтынушыларға ақпарат ұсыну кезінде мемлекеттік тіл туралы заң талаптарын қатаң сақтау, веб-сайттардағы мәліметтердің толықтығын, өзектілігін және сенімділігін қамтамасыз ету қажеттігін қатаң түрде ескерткен. Сонымен қатар, реттеуші орган бұл бағыттағы бақылауды күшейтіп қана қоймай, келешекте заң талаптарын елемеген банктерге қатысты қатаң шаралар қолданылатынын мәлімдеген.