Нөкіс – Атырау – Нөкіс бағыты бойынша тұрақты әуе рейстері ашылады
Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тату көршілік пен стратегиялық серіктестікке негізделген байланыстар жылдан-жылға жаңа мазмұнмен толығып, барлық салада қарқынды дамып келеді.
Екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықпен қатар, көлік-логистика саласындағы қатынастарды кеңейтуге, өңірлер арасындағы тікелей байланысты нығайтуға да айрықша мән берілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар халықтың барыс-келісін жеңілдетіп, іскерлік және гуманитарлық байланыстардың жандануына жол ашып отыр.
Осы орайда биылғы 29 қарашадан бастап Нөкіс пен Атырау қаласы арасында тұрақты әуе рейстері қатынай бастайды.
Қазақстанның батысында, Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында, Жайық өзенінің бойында орналасқан Атырау қаласына ұшақтар әр аптаның жексенбі күні қатынайды. Еуропа мен Азия құрлығының тоғысқан тұсында орналасқан бұл қала Батыс Қазақстанның маңызды экономикалық және көлік орталықтарының бірі саналады.
Жаңа әуе бағыты Өзбекстан мен Қазақстанның батыс өңірлері арасындағы қатынасты жеңілдетіп, екіжақты сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың кеңеюіне де ықпал етпек. Сондай-ақ жолаушыларға уақыт үнемдеп, сапарларын қолайлы жоспарлауға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, әуе билеттерін booking.uzairways.com сайты, Uzbekistan Airways мобильді қосымшасы, әуе компаниясының сату бөлімшелері мен ресми агенттіктері арқылы сатып алуға болады.