
Үндістан–Өзбекстан халықаралық транспорт дәлізі енді Қазақстанға дейін ұзартылады.
«Узтемирйулконтейнер» АҚ мәліметіне сәйкес, алғашқы пойыз 12 контейнерден тұрады және Мундра (Үндістан) портынан Сороковая (Қазақстан) станциясына аттанды.
Бағыт Иран, Түркіменстан, Өзбекстан және Қазақстан арқылы өтеді.
Жүк 1585 км теңізбен, 4300 км теміржолмен жеткізіледі.
Логистикалық операторлар: «Узтемирйулконтейнер» АҚ (Өзбекстан теміржол экспедиторы), «TULM» АҚ (Түркіменстан транспорт-логистика орталығы), «Кедентранссервис» АҚ (Қазақстан логистика терминалдарының операторы).
Бұған дейін Мундра – Сирғали бағыты бойынша контейнерлік тасымал сәтті жүзеге асырылған болатын. «Узтемирйулконтейнер» басқарма төрағасы Мирзиёд Мирхамидов алдағы уақытта «Үндістан – Орталық Азия» дәлізі арқылы жүк тасымалын тұрақты жүргізу жоспарланғанын мәлімдеді.
Қазақстан темір жолы (ҚТЖ) баспасөз қызметі Үндістаннан Қазақстанға керамикалық плиталар жөнелтілгенін нақтылады. Жүктің жеткізілу мерзімі Бандар Аббас (Иран) портының жұмыс кестесіне байланысты шамамен 25-30 күн болмақ.
Бұл бағыт «Солтүстік–Оңтүстік» дәлізінің шығыс бағытын дамыту шеңберінде іске қосылды. Ол жеткізу уақытын қысқартып, тасымалдау шығындарын азайтады, сондай-ақ экспорттаушылар мен импорттаушыларға жаңа мүмкіндіктер ашады.