Науаи халықаралық әуежайында ТИР парк қызметі іске қосылды
Науаи халықаралық әуежайы аумағында халықаралық автокөлік құралдарына арналған заманауи тұрақ аймағы мен қызмет көрсету инфрақұрылымын біріктірген ТИР паркінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл – өңірдің көлік-логистика әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі.
Салтанатты шараға әуежай қызметкерлері, облыс және «Кармана» ауданы әкімдігі өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлер қауымы қатысты.

Аталған жоба Мемлекет басшысының 2026 жылғы 9 ақпандағы «Науаи халықаралық әуежайы қызметінің тиімділігін арттыру шаралары туралы» қаулысын іске асыру аясында жүзеге асырылып отыр.

Әуежай бастамасымен қолға алынған бұл жоба жүк тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдай қалыптастырып қана қоймай, аймақтың логистикалық инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге серпін беруде. ТИР парк Өзбекстан аумағы арқылы кедендік бақылаумен қозғалып жүрген жүк көліктері үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы аялдап, тынығатын орын ретінде қызмет етеді.

– ТИР парк бір мезетте 50 жүк көлігін қабылдай алады және толықтай заманауи талаптарға сай жабдықталған, – дейді пошта-жүк кешенінің басшысы Сарвиноз Улуғова. – Жүргізушілерге барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында әуежай аумағындағы қонақ үй жаңартылып, тиімді тарифтер енгізілді. Сондай-ақ тәулік бойы қызмет көрсететін асхана жұмыс істеп, жүргізушілердің үздіксіз тамақтануына мүмкіндік жасалған. Аумақ толықтай 24 сағаттық бейнебақылау жүйесімен қамтылып, қауіпсіздік деңгейі жоғары қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, кеден қызметкерлеріне арналған арнайы демалыс бөлмелері де қарастырылған.
Жалпы, бұл жоба өңірдегі логистика жүйесін жетілдіруге, жүк тасымалдаушыларға қолайлы орта қалыптастыруға және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды қадам саналады. Сонымен қатар, мұндай бастамалар елдің транзиттік әлеуетін арттырып, халықаралық сауда байланыстарының аясын кеңейтуге жол ашады. Жаңа нысан аймақтың экономикалық белсенділігін күшейтіп, логистика саласының дамуына тың серпін берері сөзсіз.