Науаи мемлекеттік университеті құрылады
2024 жыл 31 қазанда «Науаи мемлекеттік университетін құру шаралары туралы» Президент қаулысы қабылданды.
Қаулыға сәйкес, Науаи мемлекеттік педагогикалық институты негізінде Науаи мемлекеттік университеті құрылатын болады.
Университеттің басты міндеттерінің бірі – аймақтағы салалар мен бағыттардың даму болашағын ескере отырып, заманауи білім мен жоғары біліктілікке ие ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың кәсіби деңгейін арттырудың үздіксіз білім беру жүйесін қалыптастыру.
Науаи мемлекеттік педагогикалық институтында оқып жатқан барлық студенттер оқуын университетте жалғастырады және 2024/2025 оқу жылынан бастап бітіруші курс студенттеріне университет дипломы беріледі.
Университетте 2025/2026 оқу жылынан бастап сұраныс жоғары келесі бағыттар бойынша мамандар даярлау қолға алынады:
- нақты және жаратылыстану ғылымдары;
- ақпараттық технологиялар;
- жасанды интеллект;
- экономика;
- бизнес және туризм;
- инвестицияларды басқару;
- ауыл шаруашылығы;
- экология және қоршаған ортаны қорғау;
- логистика.
Жаңадан ашылған оқу бағыттары мен мамандықтар аясында шетелдік және елдегі жетекші жоғары оқу орындарымен бірге, екі диплом беруге мүмкіндік беретін білім беру бағдарламалары іске қосылады.