НАТО-ның Анкарада өтетін саммитіне Дональд Трамп қатысады
Биыл шілде айында Түркияның ұйымдастыруымен өтетін НАТО-ның жоғары деңгейдегі саммитіне АҚШ президенті Дональд Трамп та қатысады.
Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың мәлімдемесіне сілтеме жасап «Анадолы» агенттігі хабарлады. Өкілдер палатасының Сыртқы істер комитетінде сөйлеген Рубио 7–8 шілде күндері Анкарада өтетін бұл саммит әскери альянс тарихындағы бетбұрысты оқиғаға айналатынын айтты.
Оның сөзінше, Вашингтон альянстағы өз орнын сақтап қалып, келіссөздерге белсенді түрде қатысуды жалғастырады. АҚШ сыртқы саясат ведомствосының басшысы НАТО жүйесінде елеулі жаңғырулар мен реформалар жүргізетін уақыт келгенін, Анкарадағы кездесулерде дәл осы мәселе басты назарда болатынын мәлімдеді.
Алдағы саммиттің күн тәртібіне әскери блоктың болашақ стратегиясын айқындау, мүше мемлекеттердің жауапкершілігін арттыру және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру секілді маңызды мәселелер енгізілген.