Наманганда ет өндірісінің көлемі мен сапасы артып келеді
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев «Турақурған» ауданындағы «Наманган қой шаруашылығы кластерінің» қызметімен танысты.
Аталған жоба Өзбекстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 29 қаңтардағы мал шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары туралы қаулысы аясында берілген мүмкіндіктердің нәтижесінде жүзеге асырылған.

Жалпы құны 35 миллион АҚШ долларын құрайтын кластер аудан аумағынан бөлінген 10 гектар жер телімінде үш кезең бойынша іске қосылады.

Жобаның бірінші кезеңінде шетелден 15 мың бас асыл тұқымды қой әкелінген. Ал екінші кезеңнің соңына дейін мал басын тағы 35 мыңға көбейту жоспарланған. Жоғары өнімділігімен ерекшеленетін «Арашан», «Гиссар» және «Адельбай» тұқымдарын жергілікті климаттық жағдайға бейімдеу көзделіп отыр.

Кластерде енгізіліп жатқан заманауи күтіп-баптау технологиялары мен ғылыми тәсілдер ет өндірісінің көлемі мен сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Жобаға сәйкес, шетелден әкелінген салмағы 40–50 келі болатын қойлар үш ай бойы қарқынды әдіспен бордақыланып, олардың салмағын 100 келіге дейін жеткізу жоспарланған. Нәтижесінде әрбір қойдан 60–70 келіге дейін таза ет алу көзделген.

Мұнда 280 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін 95 отбасы мүшесі жұмыспен қамтылады. Бұл жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар, кешен базасында заманауи логистикалық қызметтер, ветеринариялық және сервистік нысандар, сондай-ақ өнімдерді тікелей сатуға арналған сауда орындары құрылады. Осылайша, өндірістен бастап сатуға дейінгі толыққанды әрі үздіксіз кластерлік жүйе қалыптасады.

Мемлекет басшысы бұл кәсіпорынның тәжірибесі мал шаруашылығын дамытуға, ішкі нарықты сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге және халықты жұмыспен қамтуға оң әсер ететінін атап өтіп, осындай тәжірибені кеңінен енгізуді тапсырды.