Моңғолия парламенті елдің премьер-министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнийг отставкаға жіберу туралы шешім қабылдады.
NHK телеарнасының хабарлауынша, премьердің қызметтен кетуіне оның 23 жастағы ұлы Темуулен мен келіні Угуумур себеп болды.
Мамыр айының ортасында Угуумурге тиесілі Instagram парақшасында таралған түрлі фотосуреттер қоғамда үлкен резонанс тудырған. Желіде тараған фотосуреттерде келіні 5 мың доллар тұратын көйлекпен, 50 мың долларлық көлікпен, сондай-ақ 5 мың долларлық сөмке, люкс брендтер дүкенінен алынған сөмкелермен, қымбат жүзікпен және тікұшақта серуендеп жүрген сәттерде бейнеленген.
Елде баға шарықтап тұрған шақта Угуумурдің қымбат бұйымдармен түскен суреттері халық наразылығына себеп болып, Улан-Батор қаласының орталығындағы Сухэ-Батор алаңында жаппай шеруге ұласты.
Наразылық білдірушілер премьер-министрдің қызметінен кетуін және оның жеке мүлкі мен қаржы көздерін ашық жариялауын талап етті.
– Темууленнің ресми табыс көзі жоқ, – деп жазады «Медуза» басылымы. – Кейбір тұрғындар оның сән-салтанатқа толы өмір салтын әкесі, премьер-министр қаржыландырып отыр деп санайды. Бұл жағдай Оюун-Эрдэнидің «халық арасынан шыққан адам» деген имиджіне ғана емес, сонымен қатар заңсыз байлық жинады деген күдікке де нұқсан келтіреді.
Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх парламентті халықтың әділетке шақыру үнін ескеруге үндеді.
Айта кетейік, Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ өткен жылдың шілде айынан бері коалициялық үкіметті басқарып келген. Ол 30 күн ішінде жаңа премьер тағайындалғанға дейін уақытша үкімет басшысы қызметін атқарады.