ММА бойынша Азия ойындарына іріктеу жарысы Ташкентте өтеді
Ташкент төрінде биыл спорт жанкүйерлерін дүр сілкіндіретін ірі дода өтпек. Жапонияда ұйымдастырылатын жазғы Азия ойындарына жолдама сарапқа салынатын аралас жекпе-жек (ММА) бойынша іріктеу жарыстары дәл осы шаһарда жалауын көтереді.
Азия Олимпиада кеңесі мәліметінше, 18–24 мамыр аралығында өтетін ММА-дан IV Азия чемпионаты тек құрлық үздіктерін анықтап қана қоймай, спортшылар үшін үлкен мүмкіндік алаңына айналмақ. Себебі бұл дода — қазан айында Аичи префектурасы мен Нагоя қалаларында өтетін жазғы Азия ойындарына апарар басты баспалдақ.
Сонымен қатар, Ташкенттегі тартысты жекпе-жектер биыл Эр-Рияд қаласында өтетін Жабық ғимараттардағы жекпе-жек өнері ойындарына да іріктеу кезеңі ретінде маңызға ие.