Мемлекет басшысы Ташкенттегі жаңа туристік әрі қызмет көрсету инфрақұрылымымен танысты
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев 4 шілде күні Ташкент қаласының «Сергели» ауданының «Иттифақ» махалласындағы «Янги Сергели» көшесінде жүзеге асырылған абаттандыру жұмыстары және сауда мен қызмет көрсету нысандарының қызметімен танысты.
Туризм мен қызмет көрсету саласы аз шығынмен көп жұмыс орнын ашуға, халықтың табысын арттыруға және өңірлердің келбетін жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл бағытта Ташкент қаласының әлеуеті зор.

«Янги Сергели» көшесінде тәулік бойы (24/7) жұмыс істейтін туризм, сауда және қызмет көрсету нысандары халыққа қолайлы жағдай жасап, кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.

Жобаның жалпы құны 18,7 млрд сумды құрайды. Ұзындығы 2,1 шақырым болатын көшенің инфрақұрылымы толық жаңартылып, сауда, қоғамдық тамақтану және ойын-сауық қызметтері тәулік бойы көрсетілетін заманауи аймаққа айналдырылды.
Тұрғындардың демалысы мен салауатты өмір салтын қолдау мақсатында 10-нан астам балалар ойын алаңы, 8 воркаут аймағы, кітап дүкені және қарттарға арналған демалыс орны ашылды.

Жоба аумағына жақын орналасқан төрт махаллада 21 мыңнан астам адам тұрады. «Янги Сергели» көшесімен тәулігіне орта есеппен 15–20 мың автокөлік жүреді. Жоба толық іске қосылғаннан кейін жыл сайын 1,2 миллионнан астам келушіге қызмет көрсетуге мүмкіндік туады.

Жоба аясында 250-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар 95 жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік мекеменің қызметі кеңейтіліп, тағы 22 жаңа кәсіпкерлік мекеме ашылды.

Мемлекет басшысы махалла аумағын аралап, ұлттық сәулет үлгісінде жаңартылған тұрғын үйлерді, абаттандырылған көшелерді және тұрғындарға жасалған қолайлы жағдайлармен танысты. Сондай-ақ махалла белсенділері және тұрғындармен сұқбат құрды.

Президент жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатына әсеріне қызығушылық танытты. Махалла белсенділері бұл өзгерістер тұрғындардың тұрмыс сапасы мен табысына оң ықпал етіп, елдің ертеңіне деген сенімін нығайтып отырғанын айтты.