Мемлекет басшысы шетелде жұмыс істейтін азаматтарды қолдау мен еңбек көші-қонын реттеуді тапсырды
Президент Шавкат Мирзиёев еңбек көші-қоны және шетелде жұмыс істеуге ниетті азаматтарды тіл мен кәсіпке мақсатты түрде оқыту мәселелеріне арналған жиын өткізді.
Әлемдік еңбек нарығындағы сұраныс өзгеріп келеді. Бүгінде дүниежүзінде 168 миллион адам шетелде еңбек етіп жүр. Бір жағынан, елімізде шетелге барып жұмыс істегісі келетін азаматтар бар, екінші жағынан, бірқатар мемлекетте білікті жұмыс күшіне сұраныс артып отыр. Мемлекет басшысы осы мүмкіндіктерді өзара ұштастырып, азаматтарды нақты жұмыс орындарына даярлау қажет екенін атап өтті.

Кейінгі жылдары реттелген еңбек көші-қоны бағытындағы ынтымақтастық ауқымы кеңейді. Бұрын бұл бағытта үш мемлекетпен жұмыс жүргізілсе, қазір олардың саны 27-ге жетті. Ынтымақтастық орнатқан ірі шетелдік жұмыс берушілер саны 400-ге жуықтады. Шетелде жұмыс істейтін отандастарымыздың саны соңғы он жылда екі есе азайғанымен, олардың отбасыларына жіберетін қаражаты төрт есе артты. Бұл азаматтарды жоғары біліктілікті талап ететін, табысы мол жұмыс орындарына орналастырудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Алайда өңірлердегі нәтижелер арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Шетелде жұмыс істейтін бір адамға шаққандағы орташа айлық ақша аударымы Ферғана облысында 1 850 доллар болса, кейбір өңірлерде 400 долларға да жетпейді. Әкімдер, елшілер мен техникум басшыларына азаматтарды жоғары табысты жұмыс орындарына даярлау жөніндегі жұмысын қайта қарау қажеттігі көрсетілді.

Германия, Түркия, Словакия және Қатарда жұмыс берушілерді техникумдармен байланыстырудың оң тәжірибесі бар. Басқа елдердегі елшілер де еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді нақты жұмыс орындары мен кадр даярлау бағдарламаларына айналдыруы керектігі атап өтілді.
Еуропалық Одақ Орталық Азиядан мамандар тарту мәселесін алғаш рет көші-қон стратегиясына енгізді. Ұлыбританияда да 33 мың жұмысшыға сұраныс бар. Соған қарамастан, бұл елге отандастарымыз негізінен ауыл шаруашылығындағы маусымдық жұмыстарға барады. Медицина, логистика және өнеркәсіп салаларындағы жұмыс берушілермен нақты келісімдерге қол жеткізу, Италиямен ынтымақтастықтың қолда бар мүмкіндіктерін пайдалану, сондай-ақ «Жастар мобильдігі» бағдарламасына қатысу мәселесін шешу міндеті жүктелді.

Мемлекет басшысы шет тілдерін білу жоғары табысты жұмысқа орналасудың негізгі шарттарының бірі екеніне назар аударды. Елімізде ағылшын тілін жетік меңгеріп, сертификат алған 200 мыңға жуық жас бар. Олардың АҚШ, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия және басқа да елдерде жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау қажет.
Германиядан биылдың өзінде 45 мың маманға сұраныс түскен, алайда небәрі 2 мың адам жұмысқа орналасқан. Бұған неміс тілін білетін мамандардың жетіспеушілігі себеп болып отыр. Осыған байланысты кәсіптік білім беруді тілдік дайындықпен қатар жүргізу, шетелдік жұмыс берушілердің сұранысын техникумдардағы оқу бағдарламаларымен ұштастыру маңызды екені атап өтілді.

Әрбір облыстағы екі-үш техникумда кәсіппен қатар неміс тілін оқытуды жолға қою міндеті жүктелді. «Intil» халықаралық оқу орталығында «Telc» компаниясының қатысуымен неміс тілінен 100 оқытушы даярлау басталды. Келесі жылы олар өңірлердегі техникумдарға тартылады. Сондай-ақ мектептер мен техникумдарға тағы 500 неміс тілі мұғалімін тарту, жоғары оқу орындарында неміс тілі оқытушыларын даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысты екі есе арттыру көзделді.
Облыс әкімдерінің бірінші орынбасарлары «Intil» орталығының тәжірибесін зерделеп, келесі жылы әр өңірде бірыңғай көші-қон орталығын ашады. Ол үшін әр облысқа 8 миллиард сумнан бөлінеді. Келесі жылы 10 мың адамды кәсіп пен неміс тіліне оқытып, Германияға жұмысқа орналастыру міндеттелді.

Ірі шетелдік компаниялар өздеріне қажетті мамандарды Өзбекстан техникумдарында даярлауға қызығушылық танытып отыр. Осы негізде бір ай ішінде 20 техникум іріктеліп, олардың оқу бағдарламалары шетелдік жұмыс берушілердің талаптарына сәйкестендіріледі. Әрбір облыста тағы екі-үш техникумды ірі кәсіпкерлердің басқаруына беру, сол арқылы жыл сайын кемінде 30 мың адамды еңбек нарығына дайын маман етіп даярлау жоспарланған.
Мұндай техникумдар 15 жыл мерзімге басқаруға беріледі, ал түлектер мемлекеттік үлгідегі біліктілік сертификатын алады. Кадр даярлау мен құрал-жабдықтарға жұмсалған шығындарды салықтан шегеру, шетелде жақсы жұмысқа орналасқан түлектерге грант бөлу көзделіп отыр.
Жиында жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметі де талданды. Лицензия беру тәртібі жеңілдетілгеннен кейін екі жылда олардың саны үш есе, ал агенттіктер арқылы шетелге жұмысқа орналасқандар саны бес есе артқан.
Келесі жылы азаматтарды шетелге жұмысқа жіберу міндеті жеке сектордағы сенімді жұмыспен қамту агенттіктеріне беріледі. Жоғары табысты жұмысқа орналастырылған әрбір азамат үшін оларға 1,5 миллион сумнан ынталандыру берілмек. Агенттіктердің ашық рейтингі жүргізіліп, онда жұмысқа орналастыру нәтижесі, азаматтардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік кепілдіктер негізгі өлшемдер болады.

Биылдың өзінде 34 мемлекетте 287 мың адамды жұмысқа орналастыру мүмкіндігі бар. Алайда бұл туралы азаматтарға жеткілікті ақпарат берілмей отыр.
Енді шетелдегі әрбір бос жұмыс орны бойынша маманға қойылатын талаптар, қажетті тілді меңгеру және оқудан өту мүмкіндіктері туралы мәліметтер әрбір махаллаға дейін жеткізіледі. «Махалла жетілігі» шетелде жұмыс істеуге ниетті азаматтарды «Онлайн махалла» платформасына тіркейді. Әкімдер мен жауапты ұйымдар олардың кәсіп пен тіл үйренуіне, сондай-ақ жұмысқа орналасуына жауап береді. Облыс әкімдері бұл бағыттағы нәтижелерді ай сайын, ал аудан әкімдері айына екі рет қарап отырады.
Елшілерден жұмыс берушілермен келісім жасаумен ғана шектелмей, экономикалық дипломатия тетіктері арқылы квота, жұмыс визасы және біліктілікті тану мәселелерін шешу талап етілді. Олар әкімдермен бірге азаматтардың жұмысқа орналасуынан бастап, жаңа ортаға бейімделуіне дейінгі үдеріске жауапты болады.
Шетелде еңбек етіп жүрген өзбекстандықтардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Енді қиын жағдайға тап болған азамат «Онлайн махалла» платформасына хабарлама қалдыра алады. Қажет болған жағдайда елшінің өзі оның мәселесімен айналысады. Ал әкімдерге шетелде жұмыс істеп жүрген азаматтардың отбасыларына, ата-аналары мен балаларына қолдау көрсету міндеті жүктелді.
– Шетелде еңбек етіп жүрген бірде-бір отандасымыз өз мәселесімен жалғыз қалмауы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Жиында еңбек көші-қонынан оралған азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі де қаралды. Жыл басынан бері 1 миллион 116 мың адам елге қайтқан. Олардың арасында шетелде өнеркәсіп, құрылыс, логистика және қызмет көрсету салаларында тәжірибе жинақтаған мамандар бар. Әкімдер мен сала басшылары олардың әлеуетін пайдаланып, лайықты жұмыс ұсынуы қажеттігі атап өтілді.
Ол үшін елге оралған азаматтардың қай жерде жұмыс істегені, кәсібі мен еңбек өтілі көрсетілетін платформа құрылады. Жыл соңына дейін олардың 250 мыңына лайықты жұмыс табу, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге қолдау көрсету міндеттелді.
Шетелде жинақталған еңбек өтілі мен зейнетақы құқықтарын тану мәселесіне де көтерілді. Қазір отандастарымыз 40-тан астам мемлекетте заңды түрде жұмыс істеп, зейнетақы жарналарын төлеп жүр. Биыл Қырғызстан, Әзербайжан және Түркиямен осы бағытта екіжақты келісімдерге қол қойылды. Азаматтарымыз көптеп еңбек ететін басқа мемлекеттермен де осындай келісімдерге қол жеткізу тапсырылды.
Өзбекстанға келетін шетелдік жұмыс күшін реттеу мәселесі де талқыланды. Республикада ұзақ уақыт тұратын шетелдіктердің саны 250 мыңға жуықтаған. Олардың 36 мыңы жұмыс істеуге рұқсат алған, 24 мыңы – студенттер. Қалғандарының жұмыспен қамтылуы мен табыс көздері туралы нақты мәлімет болуы қажеттігі айтылды. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарына алдымен өз азаматтарымызды орналастыру маңызды екені атап өтілді.
Жиын барысында осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлермен сұхбат болды және өңір басшыларының баяндамалары тыңдалды.