Мемлекет басшысы Самарқанд облысындағы көпір құрылысының барысымен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев Самарқанд облысына сапары барысында «Қарадария» үстінен өтетін көпір құрылысының барысымен танысты.
Бұл алып нысан көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыруға, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және кептелістерді азайтуға бағытталған. Ол жаңадан бой көтеріп жатқан «Ширин» шағын ауданын Самарқанд қаласы және халықаралық әуежаймен байланыстырады.

Жоба құны 310 миллиард сум болатын көпірдің ұзындығы – 780 метр, ені – 29,8 метр, биіктігі – 2 метр. Көпірдің жүріс бөлігі төрт жолақты болып, тәулігіне 25 мыңға дейін көлік өткізу қауқарына ие болады.

Жаңа нысан пайдалануға берілгеннен кейін «Ширин» қалашығынан қала орталығына дейінгі қашықтық 23 шақырымнан 4 шақырымға дейін, ал жолға кететін уақыт 30 минутқа қысқарады.

Мемлекет басшысына жобаның техникалық шешімдері мен көлік қозғалысын басқару мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.

Осы жердің өзінде жергілікті белсенділермен сұхбат өтті.
– 2016 жылы Өзбекстанға небәрі 1 миллион 200 мың турист келетін. Қазір Самарқандтың өзіне жылына 5 миллион турист келеді. Бұрын-сонды мұндай болып көмеген. Әрине, бүгін әлем бәсекелестік жағдайында дамып келеді. Біз де осы бәсекеде өз орнымызды нығайтуымыз керек.
Жобаларды дұрыс әзірлеп, логистиканы ұтымды ұйымдастырсақ, шығындарды азайтып, халқымыздың жолын жақындата аламыз. Өйткені, мына қала ең алдымен адамдар үшін ғой!
Осы көпір менің армандарымның бірі еді. Бүгін сол арман орындалды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қаланың адамдарға қызмет етуі керектігі туралы ойын жалғастырып, әр адамның халық пен ел алдындағы жауапкершілігіне тоқталды.

– Кешегі сөзімде де «өз», «өзіміз», «өз болмысымыз», «өзіміздікі» деген сөздерге қайта-қайта назар аудардым. «Мен өзбекстандықпын, халқым үшін әрекет етемін, халқым үшін оқимын, ертеңім үшін ізденемін» деген ұстаныммен өмір сүруіміз керек.