Мемлекет басшысы Қашқадариядағы махалланың тыныс-тіршілігімен танысты
Президент Шавкат Мирзиёев Қашқадария облысына жасаған сапары барысында «Қамаши» ауданындағы «Чим» махалласында жүзеге асырылған абаттандыру жұмыстары және халықты жұмыспен қамту шараларымен танысты.
«Жаңа Өзбекстан келбетіндегі махалла» ретінде дамып келе жатқан осынау мекенде 5,5 мыңнан астам тұрғын бар. Олардың жартысына жуығы – жастар.


Инфрақұрылымды жаңартуға 55 миллиард сум бағытталып, 240 орындық балабақша, 640 орындық мектеп, махалла және жастар орталықтары, демалыс саябағы салынған. Сондай-ақ 4,5 шақырым жол төселіп, электрмен жабдықтау және суару желілері жаңартылған.
Мемлекет басшысы махалла орталығындағы ойын алаңында балалармен және олардың аналарымен әңгімелесті. Жастар кітапханасында кітап оқуға құмар ұл-қыздардың мақсат-мүддесіне қызығушылық танытты.


Кездесу барысында Президентіміз Өзбек тілі мерекесіне орай Абдулла Орипов, Эркин Вахидов және Халима Худойбердиева шығармашылығын еске алды. Тілге, ұлттық әдебиетке және ата-бабалар мұрасына деген ықыластың артып келе жатқанын атап өтті.
– Бүгінде тілімізге, ұлтымызға және болмысымызға деген құрмет артып келеді. Адамдар қайтадан кітап оқуға ұмтылуда. Ата-бабаларымыздан қалған рухани мұраны жаңғыртып жатырмыз. «Қамаши» ауданындағы «Чим» махалласында да осындай рухани орта мен қолайлы жағдай қалыптастырылып келеді, – деді Мемлекет басшысы.


Президент жоғары білім алу мүмкіндіктерінің кеңейгенін, ел болашағы үшін білімді әрі Отанын сүйетін мамандар даярлаудың маңыздылығын атап өтті.
– Бұрын әрбір 100 жастың небәрі 9-ы жоғары оқу орнында білім алса, бүгінде олардың 45-і оқып жатыр. Жоғары оқу орындарын ашу, профессор-оқытушыларға жағдай жасау үлкен еңбекті талап етеді. Бірақ Өзбекстанның болашағы үшін кеудесінде ұлттық мақтанышы бар, Отанын сүйетін мамандар қажет. Мен сіздерге сенемін. Атажұртымыз бен Қашқадария өлкесінің болашағы сіздердің қолдарыңызда, – деді Мемлекет басшысы.


Осынау махалла тұрғындарының табысын арттыруға да жаңа мүмкіндіктер жасалған. Қыз-келіншектер еңбек ететін кілем тоқу және кесте тігу кәсіпорнына 3,5 миллиард сум инвестиция салынған. Банктердің қолдауымен 20-ға жуық үй шаруашылығында жалпы аумағы 36 сотық жылыжайлар ұйымдастырылып, өнім сақтауға арналған сыйымдылығы 200 тонналық тоңазытқыш салынған. Нәтижесінде 80-нен астам жұмыссыз азамат жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ кооперация негізінде лимон өсіру ісі дамытылуда. Тұрғындарға көшет, тыңайтқыш және агротехникалық қызметтер жеткізіліп, өсірілген өнім кепілдендірілген бағамен сатып алынады. Лимон көшеттерінің арасына картоп, брокколи және көк шөптер егу арқылы ағаштар жеміс бере бастағанға дейін әр жылыжайдан қосымша 14–16 миллион сум табыс түсуде.


Махаллада 70 кәсіпкер өз қызметін кеңейтіп, тағы 20 жаңа кәсіпкерлік субъектісі құрылған. Автомагистраль бойындағы қызмет көрсету нысандарының саны 31-ден 137-ге дейін көбейіп, 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған. «Чим» және оған көршілес махаллалардағы 1,2 мың үй шаруашылығы кооперация негізінде фармацевтика және косметика өнеркәсібінде қолданылатын жалбызтікен өсімдігін өсіруде.
Сапар соңында Мемлекет басшысы махалла белсенділері және ақсақалдармен әңгімелесті. Олар махаллада болған өзгерістер туралы пікір білдіріп, елдің өркендеуі мен жастардың болашағы үшін дұға жасады.







