Мемлекет басшысы есірткіге қарсы күресті күшейтуді тапсырды
Президент Шавкат Мирзиёев халық денсаулығы мен ұлт генофондын есірткіден қорғауға, сондай-ақ жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңнаманы жетілдіру жөніндегі тұсаукесермен танысты.
Алдымен есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңның мәні туралы ақпарат берілді. Аталған заң парламент тарапынан қабылданған.
Заңға сәйкес Қылмыстық кодекске «Халық денсаулығы мен генофондына қарсы қылмыстар» атты жаңа бап енгізілуде. Бұл арқылы халықтың, әсіресе жастардың денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттер үшін жауапкершілік шараларын күшейту көзделген.
Есірткі қылмыстарының заманауи тәсілдері мен түрлері ескеріле отырып, заңсыз есірткі зертханаларын ұйымдастыру, есірткілердің заңсыз айналымына жетекшілік ету, есірткі тұтынатын орындарды ұйымдастыру секілді әрекеттер үшін жеке жауапкершілік белгіленіп отыр. Сонымен қатар 10-нан астам қауіпті құқық бұзушылық бойынша жаза күшейтіледі.
Мемлекет басшысы бұл заңның есірткі қылмысына қарсы күресті жаңа деңгейге көтеріп, халық денсаулығы мен ұлт генофондын қорғауда маңызды құқықтық негіз болатынын атап өтіп, оған қол қойды.
Таныстырылымда ведомствоаралық жұмыс тобы әзірлеген «Есірткі және күшті әсер ететін заттар туралы» заң жобасы жөнінде де ақпарат берілді.
Соңғы жылдары есірткі ахуалы айтарлықтай өзгеріп, дәстүрлі есірткілердің орнын синтетикалық есірткілер басуда. Оларды тарату тәсілдері де өзгеріп, негізінен интернет арқылы байланыссыз форматта жүзеге асырылуда. Сонымен қатар ел ішінде жасырын зертханалардың пайда болуы бұл саладағы құқықтық және ұйымдастырушылық тетіктерді түбегейлі қайта қарауды талап етуде.
Жаңа заң жобасында мемлекеттік саясаттың 7 негізгі бағыты белгіленген. Олардың қатарында халықта, әсіресе әйелдер мен жастар арасында «есірткіге қарсы иммунитет» қалыптастыру, интернет арқылы жасалатын есірткі қылмыстарының жолын кесу, есірткіге тәуелділіктің ерте профилактикасы, диагностикасы, емдеу және медициналық-әлеуметтік оңалту жүйесін жетілдіру шаралары бар.
Жобаға сәйкес есірткі айналымына, нашақорлық пен есірткі қылмыстарына қарсы күреске тікелей қатысатын 14 мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері нақты белгіленеді. Заңды айналымдағы заттарға мемлекеттік бақылау күшейтіліп, оларды елге әкелуден бастап сатуға дейінгі барлық үдеріс үздіксіз электронды бақылауға алынады.
Прекурсорлардың, есірткі құралдары мен психотроптық заттардың айналымын қатаң реттеу жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстар да қаралды. Бұл бағытта электронды бақылау жүйесін енгізу және заңсыз әрекеттерге қарсы ведомствоаралық ынтымақтастықты күшейтудің маңызы атап өтілді.
Таныстырылымда жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Кейбір азаматтардың кәмелетке толмағандарға көлік құралдарын басқаруға рұқсат беріп жатқаны, мұның жолдардағы адам өлімі мен ауыр жарақаттарға себеп болып отырғаны айтылды.
Осыған байланысты жаңа тәсілдер негізінде жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қамтамасыз ету, ауыр салдарға әкелетін апаттардың алдын алу және бұл үшін жауапкершілікті күшейту қажеттігі атап өтілді.
Президент нашақорлық пен есірткі қылмыстарына қарсы күресті заман талабына сай ұйымдастыру, жастар арасында осы індеттің таралуына қатаң тосқауыл қою, сондай-ақ жолдардағы адам өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды мақұлдады. Қаралған мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді.