Ливияда жаңа мұнай мен газ қоры табылды
Ливия Ұлттық мұнай корпорациясы елдің оңтүстік-батысындағы «Гадамес» алабында жаңа мұнай мен газ кені табылғанын мәлімдеді.
«Синьхуа» ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, ұңғыма 8440 фут тереңдікте бұрғыланған. Алдын ала деректер бойынша, жер асты қабаттарынан тәулігіне шамамен 327 баррель конденсат өндіріліп отыр.
«Гадамес» алабы Ливия, Алжир және Тунис елдерімен шекаралас аумақта, Триполи қаласынан шамамен 600–620 шақырым қашықтықта орналасқан. Ол маңызды көмірсутек қорларына байланысты Солтүстік Африкадағы ірі мұнай-газ өндіруші өңірлердің бірі саналады.
Мұнай мен газ экспорты Ливия экономикасының негізгі табыс көзі. Алайда соңғы жылдары өндіріс ішкі қақтығыстар мен саяси тұрақсыздық салдарынан бірнеше рет үзіліске ұшыраған.