Косовода премьер-министр партиясы парламент сайлауында жеңіске жетті
Косовода мерзімінен бұрын өткен парламент сайлауында премьер-министр Албин Курти жетекшілік ететін «Өзін-өзі айқындау» партиясы ең көп дауыс жинап, жеңіске жетті. Алайда жаңа үкіметті жасақтау үшін партияға коалициялық серіктестер қажет болады.
Ресми мәліметтерге сәйкес, бюллетеньдердің 99,4 пайызы саналғаннан кейін Албин Курти бастаған саяси күш 43 пайыз дауыс иеленген.
Екінші орынды 21 пайыз дауыспен Косово демократиялық партиясы иеленсе, Косово демократиялық лигасы 18 пайыз нәтижемен үшінші орынға тұрақтады. Ал «Косово болашағы үшін альянс» шамамен 7 пайыз дауыс жинады.
Сайлауға қатысу көрсеткіші 37 пайызға да жетпеген.
Бұл Косовода соңғы бір жарым жыл ішінде өткен үшінші парламент сайлауы болды. Сарапшылардың пікірінше, елдегі саяси тұрақсыздық пен партиялар арасындағы келіспеушіліктер үкімет құру үдерісін күрделендіріп отыр.
Албин Курти партиясы сайлауда бірінші орын алғанымен, парламентте дербес көпшілік құруға жеткілікті орынға ие бола алмады. Сондықтан үкімет жасақтау үшін басқа саяси күштермен коалиция құруға тура келеді.