Испандық компания Самарқандта арнайы көліктер мен жедел жәрдем көліктерін шығармақ
Өзбекстан елшілігінің қолдауымен «SamAuto» ЖШС басшыларынан құралған делегацияның Испанияға практикалық сапары ұйымдастырылды.
Dunyo ақпараттық агенттігінің дерегінше, сапар барысында Өзбекстан өкілдері «Rodriguez Lopez Auto» компаниясының Оренсе қаласындағы (Галисия) зауытында болып, кәсіпорын басшыларымен жедел жәрдем көліктерін шығаруды бастау бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Испандық компания жедел жәрдем және арнайы көліктер шығаруға маманданған болып, 40 жылдан астам уақыт бойы кәсіпорын Испаниядағы жедел жәрдем көліктерінің жетекші өндірушісі саналады. Қазірде нарықтың 65 пайыздан астамын иеленеді. Өткен уақыт ішінде компания әлемнің 25 еліне 10 мыңнан астам жедел жәрдем көлігін шығарды.
2021 жылдың 24-27 тамызында «Rodriguez Lopez Auto» компаниясының менеджерлері Өзбекстанда болып, Денсаулық сақтау министрлігі, Республикалық шұғыл медициналық ғылыми-зерттеу орталығы, «Узавтосаноат» АҚ-да келіссөздер жүргізді, сондай-ақ Самарқанд қаласында орналасқан «SamAuto» акционерлік қоғамының зауытының қызметімен танысты.
Өзбекстандық автоөндіруші кәсіпорынның мүмкіндіктеріне сүйене отырып, «ISUZU» жеңіл және жүк көліктерінің шассиі негізінде арнайы автокөліктер шығару туралы келісімге қол жеткізілді.
Испания өкілдерінің техникалық ұсыныстары дайын екендігі және ынтымақтастық нысаны бойынша келісімдерге қол жеткізілгендіктен, Өзбекстаннан Испанияға «SamAuto» компаниясы шығарған бірнеше шасси жөнелтіліп, оларға Оренседегі зауытта жедел жәрдем көліктері тәжірибе жүзінде орнатылады деп күтілуде. Алдағы уақытта Өзбекстанда испандық мамандарды тарту арқылы өндірісті бастау жоспарланған.
Жоба іске қосылғаннан кейін жылына 500-ден 800-ге дейін жедел жәрдем және арнайы көліктер шығару көзделген.