Иранда әскери тікұшақ базар маңына құлады
24 ақпан күні Иранның Исфахан провинциясында әскери тікұшақ апатқа ұшырап, кемінде төрт адам қаза тапты.
«Al Arabiya» таратқан хабарламаға сәйкес, Иран армиясына тиесілі тікұшақ халық көп шоғырланған аумақ — жеміс-көкөніс базары маңына құлаған. Апат салдарынан тікұшақ бортындағы екі ұшқыш, сондай-ақ базарда сауда жасап тұрған екі азамат көз жұмған.
Тікұшақ жерге құлағаннан кейін алапат өрт шыққан. Оқиға орнына жедел түрде төтенше жағдайлар қызметі, өрт сөндірушілер және жедел жәрдем бригадалары жеткен. Қысқа уақыт ішінде өрт сөндірілген. Ресми тұлғалар басқа зардап шеккендер бар-жоғын анықтап жатыр. Апаттың себептері әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Өткен аптада да Иран әскери-әуе күштеріне тиесілі, АҚШ-та өндірілген F-4 Phantom II жойғыш ұшағы Хамадан провинциясында оқу-жаттығу ұшуы кезінде апатқа ұшыраған болатын. Сол оқиға салдарынан бір ұшқыш қаза тапқан еді.