Интерпол халықаралық іздеуде жүрген үш адамды Өзбекстанға экстрадициялады
Интерполдың Өзбекстан Республикасындағы Ұлттық орталық бюросы Түркияның құқық қорғау органдарымен және Өзбекстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығымен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде халықаралық іздеуде жүрген үш азаматты Өзбекстанға экстрадициялады.
Бұл нәтиже Өзбекстан мен Түркияның құқық қорғау органдары арасындағы тиімді ынтымақтастықтың, қылмыспен күрес және халықаралық іздеудегі тұлғаларды анықтау мен ұстау бағытындағы жедел ақпарат алмасудың нақты жемісі ретінде бағаланып отыр.
Жедел-іздестіру шаралары барысында Түркияның Ыстанбұл қаласында бой тасалап жүрген халықаралық іздеудегі үш адамның жүрген жері анықталып, олар ұсталды.
Олардың қатарында Самарқанд облысының 28 жастағы тұрғыны бар. Ол жыныстық сипаттағы ауыр қылмыс жасады деген күдікпен халықаралық іздеуге жарияланған.
Сондай-ақ Бұхара облысында туған 34 жастағы азамат алаяқтық жасады деген айыппен іздеуде болған.
Ал Ташкент қаласының 50 жастағы тұрғыны аса ірі көлемдегі алаяқтық қылмысын жасады деген күдікпен халықаралық іздеуге берілген.
Ұсталған азаматтар белгіленген тәртіппен Өзбекстанға жеткізіліп, тиісті құқық қорғау органдарына тапсырылды.

Интерполдың Өзбекстандағы Ұлттық орталық бюросы халықаралық ынтымақтастық тетіктерін тиімді пайдалана отырып, трансұлттық қылмыспен күресті, халықаралық іздеудегі тұлғаларды анықтау мен оларды жауапкершілікке тарту жұмыстарын алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыратынын мәлімдеді.
Айта кетейік, Интерпол аясындағы халықаралық ынтымақтастық трансұлттық қылмыспен күрестің тиімділігін арттырып, қылмыскерлердің әділ соттан жалтаруына жол бермеуге мүмкіндік береді. Өзбекстан соңғы жылдары іздеуде жүрген тұлғаларды экстрадициялау және құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді.