Президент Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен 7 желтоқсан күні халықты жоғары сұранысқа ие кәсіпке оқыту және оларды табысты жұмысқа орналастыру шаралары талқыланған кеңейтілген жиын өтті.
Бұл мәселе Өзбекстанның әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі саналады. Экономикалық жаһандану жағдайында орта буын мамандарына сұраныс күннен-күнге артып келеді.
Осыған орай, жиында орта буын мамандарын даярлаудағы негізгі мәселелер талданып, маңызды міндеттер айқындалды.

Кейінгі бес жылда өнеркәсіп кәсіпорындарына 24 миллиард доллар көлемінде құрал-жабдықтар әкелініп, 63 мың жаңа қуат қосылды, 1 миллион 500 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Қазіргі уақытта экономика салаларында 200 мыңнан астам білікті маманға сұраныс бар.
Келесі үш жылда инвестициялық бағдарламалар аясында іске қосылатын кәсіпорындарда тағы 500 мың жұмысшыға қажеттілік туындайды. Жаңа құрал-жабдықтар мен технологияларда жұмыс істеу үшін білікті кадрлар ауадай қажет.

Республикада әлеуетті кадрларды даярлау үшін техникумдар мен кәсіпорындарды біріктіріп, дуальды білім беру жүйесін дамытуға бағытталған оң тәжірибе бар. Мысалы, Асака көлік және машина жасау техникумы, Бұхара қаласындағы энергетика, мұнай және газ саласындағы техникумы, Ширин энергетика техникумы, Ғузар ауданы мен Шахрисабз қаласының 1-санды техникумында жергілікті және шетелдік кәсіпорындармен серіктесе отырып, заманауи мамандар даярлануда.

Сонымен қатар, жеке кәсіпорындарды қолдау және оларға тиімді жағдай жасау арқылы дуальды білім беру жүйесін кеңейту шаралары анықталды.
Германиямен серіктестік аясында 14 техникумда жоғары сұранысқа ие кәсіп пен неміс тілі оқыту жолға қойылып отыр. Әкімдер мен сала басшыларына әрбір өңірде кемінде 5 техникум осы тәжірибені енгізу тапсырылды.

Заманауи кәсіптерде шетел тілдерін меңгеру өте маңызды. Сондықтан мектеп пен өнер-кәсіптік оқыту орталықтарында бұл пәндерді көбейту, техникумдарға шетелден мұғалімдер тарту шаралары қарастырылды.
Кедейлікті азайту және жұмыспен қамтуды қолдау министрлігі жүйесіндегі 65 кәсіби дағдыларды дамыту орталықтарының оқу сапасын арттыру, гранттар тартып, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау қажеттігі сөз болды.

Облыстардағы 13 құрылыс мамандығы бойынша оқу орталықтарының бағдарламалары еңбек нарығындағы жоғары сұранысқа ие кәсіптерге бейімделеді. Қабылдау жүйесі цифрландырылып, жылына 20 мың азамат кәсіптік дайындықтан өтеді.
Кәсіпті жеке немесе шәкірт түсу арқылы меңгергендерге халықаралық деңгейде танылатын сертификат беріледі. Бұл үшін өңірлерде 5 кәсіби біліктілікті бағалау орталығы құрылатын болады.
Сыртқы істер министрлігіне Ұлыбритания, Германия, Канада, Словакия, Австралия, Жаңа Зеландия сияқты елдерде оқу және біліктілікті арттыру, заманауи кәсіпорындарда жұмыс істеуге ниетті азаматтар үшін виза рәсімдерін жеңілдету бойынша қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.

Белгілі болғандай, дамыған елдерде студенттер үшін «Work and Travel» сияқты көптеген бағдарламалар бар. Мысалы, Өзбекстандық жастарда жазғы демалыс уақытында шетелде білім алып, табыс табуға мүмкіндік бар. Бұл бағдарламаларды пайдалану мүмкіндігін арттыру мақсатында келесі жылдан бастап Жастар ісі агенттігі студенттердің жолақы шығындары үшін қарыз беру мүмкіндігін енгізетін болады.
Сондай-ақ, шетелде еңбек етіп жатқан отандастармен байланыстарды күшейту, олардың жоғары жалақы алуына жағдай жасау және әлеуметтік-құқықтық қолдауды қамтамасыз ету мәселелері атап өтілді.
Жиында тиісті министрлердің есебі тыңдалып, жұмыссыз тұрғындарды жоғары сұранысқа ие кәсіпке оқыту және шетелден оралғандарды жұмыспен қамту бойынша нақты міндеттер айқындалды.