Грузияда НАТО әскери оқу-жаттығулары өтеді
Грузияда 2025 жылдың 25 шілдесі мен 6 тамызы аралығында ел аумағында «Agile Spirit 2025» атты көпұлтты әскери оқу-жаттығу шарасы өтеді.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Грузия бұл шараны қатарынан 12-рет қабылдап отыр.
«Қатысушы елдердің қорғаныс күштері өздерінің жауынгерлік дайындығын арттыруға, өзара үйлесімділік пен шұғыл әрекет ету қабілеттерін нығайтуға ерекше көңіл бөледі», – делінген ресми мәлімдемеде.
Министрліктің мәліметінше, жаттығу барысында Сенаки–Вазиани жол учаскесінде Грузия–АҚШ тактикалық керуені, бірлескен атыс жаттығулары, арнайы операция күштерінің бірлескен іс-қимылдары және Грузия Қорғаныс күштерінің жауынгерлік дайындық орталығының жұмысы көрсетіледі.
Жалпы, «Agile Spirit 2025» жаттығулары Грузия мен Түркия аумағында өтеді. Грузияда өтетін бөлім Грузия Қарулы күштерінің Батыс қолбасшылығы мен АҚШ-тың Джорджия штаты Ұлттық гвардиясы арасындағы ынтымақтастықты көрсетеді.
Жаттығуға келесі елдердің әскери қызметшілері қатысады: Түркия, Польша, Германия, Италия, Грекия, Молдова, Румыния, Болгария, Словакия, Литва және Украина.
Ал Армения мен Жапония Қарулы күштерінің өкілдері бақылаушы ретінде шақырылған.