Германияда аптап ыстықтан 10 мыңға жуық адам көз жұмды
Германияда 2026 жылдың басынан бері экстремалды ыстықтың салдарынан шамамен 10 мың адам қайтыс болды.
Германия Федералдық қоршаған орта және климатты қорғау министрлігінің мемлекеттік хатшысы Йохен Фласбарт экстремалды ыстыққа қарсы ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеу бастамасын көтерді.
Оның айтуынша, келесі жаз басталғанға дейін Германияның барлық федералдық жерлерінде әзірленген аптап ыстыққа қарсы шараларды бірыңғай ұлттық жоспарға біріктіру қажет. Фласбарт климаттың өзгеруіне бейімделу бүкіл қоғам үшін маңызды міндет екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстардың жеткілікті қарқынмен жүргізілмей жатқанын айтты.
Сонымен қатар ол Германия ауруханаларында ауа баптағыштардың жетіспеуі мәселесіне байланысты Федералдық есеп палатасын сынға алды. Оның сөзінше, Қоршаған орта министрлігі әлеуметтік мекемелерді климат өзгерісіне бейімдеу бағдарламасын жүзеге асыруға күш салып жатыр. Алайда бақылаушы орган мұндай жұмыстар министрліктің құзыретіне кірмейді деп есептейді.
Фласбарт аталған мәселені шешу мақсатында Германияның Негізгі заңына тиісті өзгерістер енгізу жоспарланып отырғанын да мәлімдеді.
Роберт Кох институтының бағалауынша, 2026 жылғы шілденің ортасына дейін елде экстремалды ыстық салдарынан шамамен 10 мың адам қайтыс болған. Бұл — 2016 жылдан бері тіркелген жылдық ең жоғары көрсеткіш.