Фёдор Лукьянов: Өзбекстан мен Ресей бір-бірін тереңірек түсінуі үшін ортақ медиа контент қажет
Ташкентте өтіп жатқан III Өзбекстан – Ресей медиа форумында ақпараттық ынтымақтастықты кеңейту, заманауи медиа ортаны одан әрі дамыту және бірлескен жобалардың келешегі талқыланып жатыр.
Бүгінде медиа қоғам өміріне және елдер арасындағы өзара түсіністікке ықпал ететін маңызды факторға айналды. ӨзА тілшісі форумға қатысушы, «Россия в глобальной политике» журналының бас редакторы, «Валдай» халықаралық пікірталас клубын дамыту және қолдау қорының ғылыми директоры Фёдор Лукьяновтың пікірін жазып алды.
– Баршаға жылы әсер қалдырып жатқан бұл форумның екі тарап үшін де пайдалы екені сөзсіз. Бүгінде медиа тек журналистика немесе ақпарат алмасу құралы ғана емес, әр адамның күнделікті өміріне әсер ететін цифрлық және коммуникациялық ортаның ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан мұндай іс-шаралардың маңызы бұрынғыдан әлдеқайда арта түсті.
Басты мақсат – бір рет әдемі жиын өткізіп, содан кейін тағы үш жылға дейін тарап кету емес. Бүгінде әрқайсымыз орасан зор ақпарат кеңістігінде өмір сүріп жатырмыз. Егер мемлекет пен медиа ұйымдары адамдарға осы ақпарат ағынында дұрыс бағыт табуға көмектеспесе, олардың адасып қалуы әбден мүмкін.
Бірлесіп жариялап, тереңірек зерделеуді қажет ететін тақырыптар көп. Олардың қатарында нәзік әрі күрделі болғанымен, аса маңызды тарихи мәселелер, сондай-ақ елдерімізде болып жатқан заманауи үдерістер бар.
Біз өзара тығыз байланыстамыз: Ресей мен Өзбекстан арасында барыс-келіс жақсы жолға қойылған. Соған қарамастан, Ресейде қазіргі Өзбекстан туралы түсінік әлі де жеткіліксіз. Өзбекстанда да бүгінгі Ресейде болып жатқан өзгерістерді кейде толық аңғара бермейді. Тіпті өзіміз де еліміздегі өзгерістердің қарқынына кейде таңғаламыз.
Сондықтан ортақ медиа контент қалыптастыру маңызды. Медиа тек саясатты ғана емес, ірі бизнес, инвестиция және ауқымды жобаларды да қамтиды. Бұл бағытта мүмкіндік мол. Мәселен, цифрлық платформалар Өзбекстанда өте белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұл тұрғыда елдің болашағы зор.
М.Зиё, ӨзА