Францияда телефон арқылы сауда жасайтындарға ірі айыппұл салынатын болды
Францияда 12 тамыздан бастап компанияларға азаматтарға алдын ала келісімінсіз жарнамалық немесе коммерциялық ұсыныспен қоңырау шалуға тыйым салынады.
Жаңа қабылданған заң жылдар бойы халықтың ең көп шағымына себеп болған, көпшіліктің мазасын алатын «cold calling» – «суық қоңырау» тәжірибесіне шектеу қоюға бағытталған. Енді компания тұтынушының нақты келісімін алмаған болса, оған телефон арқылы коммерциялық ұсыныспен хабарласуға құқылы емес. Бұдан көзделген мақсат – азаматтарды заңсыз сауда мен алаяқтық әрекеттерден қорғау.
Жаңа тәртіпке сәйкес, қоңырау шалуға тек екі жағдайда рұқсат етіледі: клиент бұған алдын ала келісім берген кезде және қоңырау қолданыстағы келісімшартқа қатысты болған жағдайда. Үкімет мәліметінше, халықтың төрттен үш бөлігі апта сайын кемінде бір рет осындай қоңырау қабылдайды. Ал көпшілік мұндай хабарласуларға күн сайын дерлік тап болады.
Заң талаптарын бұзғандарға айыппұл салынады. Жеке тұлғалар әрбір құқық бұзушылық үшін 75 мың еуроға дейін, ал компаниялар 375 мың еуроға дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Бұған дейін ұялы нөмірлерге қоңырау шалатын уақытты шектеу сияқты бірқатар шара енгізілгенімен, олар күткен нәтижені бермеген. Жаңа заң іс жүзінде барлық саланы қамтиды.
Францияның бұл шешімі Мароккода да алаңдаушылық туғызды. Себебі елдегі call-орталық қызметтерінің негізгі тапсырыс берушілері француз компаниялары саналады. Ресми тұлғалардың пікірінше, жаңа заң 50 мыңға дейін жұмыс орнына әсер етуі мүмкін.
Қазіргі уақытта Германия мен Нидерландта да осындай шектеулер қолданылады. Ал АҚШ, Канада және Ұлыбритания тұтынушыларды қажетсіз қоңыраулардан қорғау үшін арнайы «Do Not Call» жүйесін пайдаланады.
Бұл шара тұтынушыларды қалаусыз қоңыраулардан қорғап, телефон арқылы жүргізілетін коммерциялық ұсыныстарды қатаң реттеуді көздейді.