«Формула-1» жарысына алғаш рет Қытай командасы қосылуы мүмкін
Халықаралық автомобиль федерациясының (FIA) президенті Мохаммед бен Сулайем Қытайдың «Geely» автоконцерні басшысымен кездескенін айтып, компания чемпионатқа қазіргі командалардың бірін сатып алу арқылы қосылуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Синхуа агенттігінің хабарлауынша, FIA басшысы Қытайға сапары кезінде «Geely» басшысымен жеке кездескен.
FIA басшысы Қытай өндірушісіне жаңадан команда құру міндетті емес екенін атап өткен. Мысал ретінде «Audi» компаниясының «Sauber» командасын сатып алу арқылы «Формула-1»-ге келгенін айтқан.
«Егер олар келіп, басқа команданы сатып алса, мен тек қуанар едім. Бұл чемпионатта міндетті түрде 12-команда пайда болады дегенді білдірмейді», – деді FIA басшысы Сингапур Гран-приі қарсаңында агенттікке берген сұхбатында.
Мохаммед бен Сулайем Қытай автокөлік өндірушілерінің «Формула-1»-ге қосылу мүмкіндігі туралы бұған дейін де айтқан болатын. Қыркүйек айында Мадридте өткен New» Economy Forum» жиынында ол «BYD» және «Geely» компаниялары өкілдерінің чемпионатқа қатысу ниетімен өзіне хабарласқанын мәлімдеді.
Онда, «BYD» компаниясы өз командасын құрғысы келетінін білдірген. Ал, бұған FIA басшысы «Формула-1»-де Қытай автокөлік өндірушісінің болғанын қалайтынын жеткізген. Дегенмен федерация жаңа қатысушыларды тарту үшін техникалық регламентті өзгертуге ниетті емес екенін де мәлімдеген.