Филиппинде тропик циклон мен нөсер жаңбыр салдарынан 19 адам қаза тапты
Филиппинде болған тропик циклондар мен нөсер жаңбыр салдарынан 19 адам қаза тауып, 11 адам жарақат алды.
Филиппин ақпарат агенттігінің (PNA) мәліметінше, Азаматтық қорғаныс басқармасының өкілі Лоуренс Мина елде болып жатқан «Луис» және «Маймай» тропик циклондарымен, сондай-ақ муссондық жаңбырларға байланысты жағдай туралы ақпарат берген.
Оның айтуынша, қатты жаңбыр салдарынан найзағай түсуі, көшкін және басқа да оқиғалар болып, 19 адам қаза тапқан, 11 адам жарақат алған. Тағы 8 адам із-түзсіз жоғалған.
Қолайсыз ауа райы салдарынан елде жүздеген мың отбасы, шамамен 2,2 миллион адам зардап шеккен. Қазіргі уақытта 58 мың 650 адам эвакуациялық орталықтарға орналастырылған.