Expo Osaka-2025 көрмесінде Өзбекстан павильоны ашылды
Экономика мен технология тақырыбына маманданған Жапонияның беделді басылымдарының бірі «Nikkei Xtech» 2025 жылы Осакада өтетін Дүниежүзілік көрмеде ұсынылатын Өзбекстан павильонына арналған арнайы сараптамалық мақала жариялады.
Материалда павильонның архитектуралық тұжырымдамасы мен креативті дизайн шешімдеріне ерекше назар аударылып, заманауи инсталляциялар арқылы ұсынылған 360° форматтағы бейнежазбалар, «Білім бағы» жобасы, сондай-ақ Самарқанд қаласының «Samarkand Blue» мозаикасы сияқты элементтердің ұлттық мәдениетпен үйлесімді түрде инновациялық тәсілде ұсынылғаны жоғары бағаланған.
Автордың айтуынша, павильон құрылысында Жапонияның сапалы табиғи материалдары қолданылып, безендіру жұмыстарына өзбек шеберлері белсене қатысқан. Бұл жоба екі елдің мәдени және шығармашылық ынтымақтастығының айқын көрінісі ретінде сипатталады.
750 шаршы метр аумақта бой көтерген үш қабатты павильонның жобасы тұрақты даму қағидаттарына негізделіп, табиғи материалдар мен модульдік құрылым арқылы іске асырылған. Оның үшбұрышты пішіні Орталық Азия халықтарының дәстүрлі тұмарынан шабыт алған. Құрылыста қайта өңдеуге болатын ағаш, саз және кірпіш пайдаланылған.
Ғимараттың сыртқы безендірілуінде өзбек халқының дәстүрлі кестелері мен ою-өрнектері кеңінен қолданылған, бұл ұлттық нақыш пен заманауи архитектураны үйлестіре білген ерекше шешім ретінде көрсетілген.
Павильон Өзбекстанның тарихи мұрасы мен болашағын байланыстыра отырып, елдің тұрақты даму жолындағы үш басты басымдығын — сапалы білім беру, қолжетімді таза энергия және индустрияландыру мен инновациялық инфрақұрылымды көрсетуге бағытталған.