Джон Ледженд Регистан сахнасында ән шырқайды
Биыл 8 маусым күні көне Самарқандтың жүрегі саналатын Регистан алаңы әлемдік музыка жұлдызы Джон Леджендтің әсем әуеніне бөленеді. Әлемге әйгілі америкалық әнші алғаш рет тарихи шаһар төрінде жеке концертін ұсынбақ.
Әнші, композитор, пианист әрі продюсер Джон Ледженд 1978 жылы АҚШ-тың Массачусетс штатындағы Спрингфилд қаласында дүниеге келген. Ол соул, ритм-энд-блюз және поп жанрларындағы туындыларымен әлем тыңдармандарының жүрегінен орын алды.
Өнер иесінің ерекше үні мен пианинодағы шебер орындауы оны заманауи музыканың ең беделді тұлғаларының біріне айналдырды. Джон Ледженд шығармашылығы талай рет жоғары бағаланып «Грэмми», «Оскар», «Тони» және «Эмми» сыйлықтарының иегері атанды.
Өзбекстан мәдениеті мен өнерін дамыту қорының бастамасымен ұйымдастырылып отырған бұл концерт елдің мәдени және туристік әлеуетін халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы биыл наурыз айында Самарқанд облысына жасаған сапары кезінде туризмді дамыту мақсатында әлемге танымал өнерпаздардың концерттерін, сондай-ақ халықаралық бизнес форумдар мен сән фестивальдерін өткізу жөнінде тапсырма берген болатын.